Аталмыш мекеме санитарлық талаптарды жүйелі түрде бұзған
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзғаны және осы бағыттағы ескертулерді елемеуіне байланысты «Артист» («Bm Trade Company» ЖШС) барының жұмысы тоқтатылды.
Мониторинг топтары жүргізетін тексеру іс-шараларының нәтижесінде жұмыс кестесін сақтамау және адамдардың жаппай жиналуына жол беру сияқты заңбұзушылықтар анықталды. «Артист» барында 300-ден 500-ге дейін адам болған.
Айта кетейік, 8 қазан мен 28 желтоқсан аралығында заңды және жеке тұлғаларға жалпы сомасы 79,2 млн теңгеге Әкімшілік кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша шектеу іс-шараларын сақтамағаны үшін 981 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды, 16 материал сотқа берілді.