Алматы облысында 140 орынды бөбекжай-балабақша ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Райымбек ауданы екі жарым жыл бұрын Елбасының Жарлығымен қайта құрылған болатын

Алматы облысы Райымбек ауданының бес мың халқы бар Сарыжаз ауылында 140 орынды «Күншуақ» бөбекжай балабақшасы күрделі жөндеуден кейін іске қосылды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы барған аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов биылдың өзінде аудан орталығын айтпағанда, елдімекендерде тағы бірқатар нысанның іске қосылғанын атап өтті. Мәселен, М.Мақатаев, Қ. Шорманов, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілген, Қақпақ, Жамбыл ауылдарында жаңадан дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілген.

«Бүгін, міне, Сарыжаз ауылында қараусыз бос тұрған бұрынғы балабақша жаңа заманға сай қайта жаңғыртылып, бөбекжай балабақшасы ретінде ашылып отыр», - деген аудан басшысы тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.

Жалпы, «Күншуақ» бөбекжай балабақшасында 6 топта 140 балапан мектепалды тәлім-тәрбие алатын болады. Ғимараттың күрделі жөндеуіне бюджеттен бюджеттен 277 миллион теңге қаражат бөлінген.

Айта кетерлігі, осыдан бірер апта бұрын ғана Сарыбастау ауылында 90 орынды бөбекжай-балабақшасы күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілген болатын.

Еске салсақ, осыдан екі жарым жыл бұрын Елбасының Жарлығымен қайта құрылған Райымбек ауданын дамыту үшін бюджеттен 18 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Биылғы жылдың өзінде ғана құрылыс жұмыстарына 8 млрд теңгедей қаржы қарастырылды, соның 3 млрд теңгесі «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында бөлінді.