Қазақстанда қанша шетелдік жұмыс істейді?
Шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлінетін квота өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға қысқарды
Қазақстанда 1,7 мың кәсіпорын шетелдік азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы жағдай да бақылауда. Биыл ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында шетелдік жұмыс күшін тартуға квота өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға қысқартылды. 2020 жылдың 1 желтоқсанына жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 1,7 мың кәсіпорында 14 600 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырды», - деді министр.
Нұрымбетовтың мәліметінше, мемлекеттік еңбек инспекторлары 1 желтоқсанға дейін шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға 71 тексеру жүргізді.
«608 заңбұзушылық анықталып, жойылды. Сонымен қатар, Еңбек кодексіне жұмыс берушілерді жұмысшыларды бірдей еңбек үшін бірдей төлеммен ғана емес, сонымен қатар бірдей өндірістік және тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етуге міндеттейтін қосымша енгізілді», - деп толықтырды министр.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан