Қазақстанда карантин талаптарын бұзғандарға 1,1 млрд айыппұл салынды

Карантин талаптарын бұзушылардың басым бөлігі Түркістан облысынан

Қазақстанда карантин талаптарын бұзғандарға 1,1 млрд айыппұл салынды
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Қазақстандықтарға карантинді бұзғаны үшін 1,1 миллиард айыппұл салынды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

17 тамыздан бастап 60 375 рейд жүргізілген. Рейд аясында 267 866 нысан қамтылған, оның ішінде 20 504 нысан құқық бұзған. 19 406 нысанға әкімшілік айыппұл салынған.

Карантин талаптарын бұзушылардың басым бөлігі Түркістан (3603), Алматы (3235), Қостанай (1826) және ШҚО (1716) облыстарында тіркелген. Алматы қаласында – 1708, Нұр-Сұлтанда 1471 құқықбұзушылық факт анықталған.

«Эпидемияға қарсы шектеу іс-шараларын сақтау бойынша талаптар бөлігінде анықталған заңнаманы бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша көрсетілген кезеңде 1,1 миллиард теңгеден астам сомаға 11 285 адамға әкімшілік айыппұл салынды. Жеке тұлғаларға 296,3 миллион теңге сомасына 6912 әкімшілік айыппұл салынды, олардың басым бөлігі қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде маска тақпағандар», - деді Шоранов.

Сымбат Ғалымжанқызы, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.