«Кардиологиялық орталық карантинге жабылды»: Алматының бас санитар дәрігері әкімдіктің өтірігін әшкереледі

Автор: Azattyq Rýhy

Алматыда эпидемиологиялық ахуал күн өткен сайын қиындап барады

Алматыдағы кардиологиялық орталық карантинге жабылды. Медициналық мекемеде COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар мен дәрігерлер саны күрт көбейген. Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, кардиологиялық орталықтағы 24 адамнан коронавирус анықталған. 

«Қайтыс болған науқастар туралы ақпарат жоқ. COVID-19 вирусы 22 науқастан және екі қызметкерден анықталды. Вирустың одан ары таралмауы үшін палаталарда дезинфекция жасалады», - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Алматы қалалық департаментінің бастығы Жандарбек Бекшин.

Жүрекке күрделі операция жасайтын кардиологиялық орталық 20 желтоқсанда жабылған еді. Науқастарды қабылдауды тоқтатқан медициналық мекемедегі күрделі ахуалды әкімдік жасырып келген.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшылары кардиологиялық орталықта коронавирустың жаппай таралуын жоққа шығарды. Олар медициналық мекеменің 20 желтоқсаннан бастап «жоспарлы түрдегі тазалауға жабылғанын» мәлімдеген еді.

«Желдеткіштерді тазарту, оттегі желілерін тексеру, вакуумдық компрессорларды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде 2 жылда бір рет жүргізіледі. Желтоқсан айының аяғында ауруханаға жатқызылатын науқастардың саны азайып бара жатқанын ескере отырып, ғимаратқа жалпы тазалық жұмыстарын 20 желтоқсаннан бастап жүргізу туралы шешім қабылданды», - деген еді қалалық әкімдікке тікелей қарайтын Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Алайда, бүгінгі онлайн-баспасөз конференциясында бас санитар бұл ақпаратты жоққа шығарып, әкімдіктің өтірігін әшкерелеп қойды. Кардиологиялық орталықтың қашан қалыпты жұмысқа көшетіні әзірге белгісіз. Ал жүрек ауруымен байланысы бар науқастар Алматыдағы Орталық клиникалық аурухана мен №7 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылады. Одан бөлек, «Mediterra» жекеменшік медициналық мекемесі де халыққа кардиологиялық көмек көрсетеді. Бас санитардың сөзінше, Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал күн өткен сайын қиындап барады. Ол тұрғындарды жаңажылдық мерекені көп адам жиналып тойламауға шақырды.

«Алматы тұрғындары ақымақтық істемейді деп сенеміз. Ауру жұқтырғандар саны өсіп жатыр. КВИ бойынша Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдайдың өрбуі алдын ала болжамдаған мөлшерге сәйкес келіп отыр: желтоқсан айында 1 аптада – 420 жағдай, 2 аптада – 460 жағдай, 3 аптада – 510 жағдай, 4 аптада - 560 жағдай тіркелді. Болжам бойынша жалпы айдың қорытындысымен 1900 жағдай және пессимистік болжам бойынша 2200-ге жетуі мүмкін. Біздің жастарымыз, ата-аналарымыз бұл ескертуді назарға алады деп үміттенеміз. Ең қиыны, жастарда вирустың симптомдары байқалмайды. Салдарынан олар вирусты ата-әжелеріне жұқтырады. Біреу біздің кеңесімізді тыңдамаса, онда олардың біреуі алдағы Жаңа жылды үйлеріндегі қарттарсыз қарсы алуы мүмкін», - деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері.

Алматыда жыл басынан бері коронавирустық инфекцияның 17 790 жағдайы, сондай-ақ тамыз айынан бастап есепке алынған этиологиясы анықталмаған (коронавирустық) пневмонияның 1349 жағдайы тіркелген. Қыркүйек айында КВИ барынша (165 жағдай) төмендегенімен, қазан-желтоқсан айларында (3400 жағдай) індеттің тарауы көбейіп кеткен.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы