Білім сапасы Nur Otan-ның ерекше бақылауында: ШҚО-да партиялықтар халықпен кездесті
Өңірде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабында Nur Otan партиясы атынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер – Өскемендегі №38 орта мектептің директоры Инесса Чернышова, «Востоквзрывпром» ЖШС директорының орынбасары Руслан Абдрасулин, «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақыт БАҚ өкілдерімен және блогерлермен брифинг өткізді.
Кездесуде әр кандидат партияның сайлауалды бағдарламасын жиналғандарға таныстырды. Мұнан соң тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Мәселен, білім саласының өкілі Инесса Чернышова еліміздегі жетекші партия білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты.
«Бәріңізге белгілі, 21 ғасырда білімсіздің күні қараң екені рас. Еліміздің ертеңі де осыған тікелей байланысты. Қазіргі таңда облыста 791 мектепке дейінгі мекеме, 646 мектеп, 82 колледж және 7 өңірлік ЖОО бар. Пандемия кезінде қалалық немесе ауылдық мәртебесіне қарамастан, барлық толық комплектілі мектептер қашықтан оқытуға көшті. Аталған кезеңде кеңжолақты сапалы интернетпен жүз пайыз қамтыдық. Алайда, сапалы интернет сапалы біліммен қамту дегенді білдірмейді. Сондықтан, білім сапасын жан-жақты арттыру біздің назарымызда. Партияның алдында тұрған басты міндеттің бірі – балабақшалар құрылысы. 2020-2025 жылдар аралығында облыста 5100 орынға шақталған 9 балабақша салу жоспарлануда. Сол арқылы сұранысты жүз пайыз жабамыз. Сондай-ақ 5540 орынға арналған 7 мектеп салыну жоспарлануда», – деді Инесса Чернышова.
Бұдан бөлек, өңірдегі барлық мектеп цифрландырылып, шекаралық аймақта орналасқан Зайсан, Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай және Үржар аудандарындағы білім ордалары күрделі және ағымдағы жөндеуден өтпек. Жалақының артуы да педагогтардың сапалы білім беруіне басты кепіл болмақ. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ҰБТ қорытындысы бойынша 100-ден жоғары балл алған түлектер саны 28 пайыздан 35 пайызға дейін артып отыр.
Ал, «Востоквзрывпром» ЖШС директорының орынбасары Руслан Абдрасулин кәсіпкерлікті қолдауға байланысты қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларға жан-жақты тоқталды. Атап өтерлігі, биылғы жыл пандемияға байланысты ауыр өтуіне қарамастан, кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдау еш тоқтаған емес. Несиелеу жариялы түрде жүргізіліп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында жыл сайын 1300 кәсіпкер, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының аясында 2025 кәсіпкер несие алып, кәсібін дөңгелетуде. Сондай-ақ, кәсіпкерлік негіздерін үйрету де қарқынды іске асырылуда.
Кездесуде «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақыт Nur Otan партиясының сайлауды бағдарламасының жеті бағытына тоқалып, партияның жастарды қолдауға бағытталған ауқымды жобалары туралы да айтып берді.
Материал ақысы Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық сайлау алды штабының қорынан төленді