Маңғыстау мен Атырау облыстарының арасында блок-бекет қойылады
Өңірде 25 желтоқсаннан бастап карантин күшейтіледі
Облыстық жедел штаб өкілдері өңірде коронавируспен сырқаттанушылар санының көптеп тіркелуіне байланысты жаңа қаулы жасақтап жатыр. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев хабарлады.
Қаулыға сәйкес, Маңғыстау мен Атырау облыстарының арасында санитарлық пост қойылады. Нақтырақ айтқанда көрші облыспен шектесетін Бейнеу ауданы Боранқұл елдімекенінде өңірге өткізіп-шығару шарасы күшейтіледі. Бұған Атырау облысының коронавирустың тарау қаупі бойынша «қызыл» аймаққа кіруі себеп болып отыр.
«Маңғыстау мен Атырау арасындағы әдеттегідей емін-еркін қатынас тоқтатылады. Осы бағытта қозғалу азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді маңызды тауарлар тасу үшін немесе жұмыс бабымен жүрген азаматтарға ғана рұқсат етіледі. Атырау облысының аумағында вахталық тәсілмен жұмыс істейтін өңір тұрғындары екі облыстың аумағынан еркін өте алады. Олардан ПТР-тест нәтижесі сұралмайды. Алайда, Атыраудың аумағына өтуге рұқсат етілген азаматтар Маңғыстауға кері қайтар кезде санитарлық бекетте анкета толтыруға міндетті. Себебі, олар әрі қарай медициналық бақылауда болады», - деді ол.
Жаңа қаулыға сәйкес, азық-түлік және азық-түлік емес, ашық, жабық базарлар қызметі 18:00-ге дейін қысқарады. Сауда ойын орталықтары, гипермаркеттер, супермаркеттер жұмысы 22:00-ге дейін жалғасады. Кинотеатр қызметіне 20:00-ге дейін ғана рұқсат.
Сондай-ақ, корпоративтік шаралар, той, балаларға арналған ертеңгіліктер мен тағы басқа бұқаралық жиындар және отбасылық басқосуларға қатаң тыйым салынады. Карантин талаптарының орындалуы ұдайы мониторинг топтарының бақылауында болады.
Бұған дейін қонақүй, хостел сияқты туризм саласындағы нысандар 70% толықтырумен жұмыс істесе, енді аталған мекемелер 50% сыйымдылығымен қызмет көрсетуге міндетті.
Өндіріс орындарынан басқа, кеңсе басшылары қарамағындағы қызметкерлерінің 70%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшіруі тиіс.
Айта кетейік, соңғы 1 аптада өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 10-нан 17-ге дейін өсті.