Алматы облысында марал шаруашылығы қолға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Алтайдың 23 маралы Жоңғар Алатауына жеткізілді

Көрнекі фото

Тың кәсіп облыстың Ақсу ауданында қолға алынды. Кербұғылар осы қалпы жерсініп кетсе олардың санын көбейтіп, облыста маралдың қанымен емдейтін медициналық орталық ашу көзделген. Маралдың қанында адам ағзасына пайдалы 25 түрлі микроэлемент бар. Ал киелі жануардың сорпасына түсу – сүйек, буын ауруларына таптырмас ем.

«Табиғаттың бар сұлулығын бойына жинап алған Жетісу жерінде туризмнің кез келген түрін дамытудың мүмкіндігі бар. Өзендер өрнектеп, асқар таулар айбынын асырып, айдын көлдері мен орманы көргеннің көзін тойдырар, көңілін шалқытып, шабытын тасытар тамылжыған орындар жетіп артылады.  Жетісу жеріне алғаш жолы түскенді таңғалдыратын және туристерді қызықтыратын нысандар жетерлік. Енді осынау көрікті жерге өзінің сұлулығымен, кербездігімен аты шыққан Алтайдың кербұғылары қосылды. Бұл облыстағы тың кәсіп. Жоба сәтті жүзеге асырылса, яғни бұғылар сіңісіп кетсе адамдар шығысқа сабылмай-ақ, Алматы облысынынан да дертіне шипа таба алады», - деді Алматы облысы Ақсу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Мағжан Шындәулет.

Әр маралдың нарықтағы орташа құны 400 мың теңге. Олардың 19-ы марал, қалған төртеуі бұғы, яғни аталық. Кербұғылар Ақсу өзенінің бастауындағы арнайы қоршалған орынға жіберілді.

Қазіргі уақытта Қатонқарағай ауданындағы шаруа қожалықтарында бұғылардың саны бір мың бес жүзге жеткен. Ал Алматы облысында кәсібін бастаған шағын шаруа қожалығындағы бұғылар жерсініп кетсе, тек бес жылдан соң ғана олардың саны жүзге жетеді екен. 

«Шығысқа барып маралды бағудың, оларға қараудың қыр-сырын 10 күн үйрендік. Үш жасар маралдарды әкелдік. Қоршалған аумағы 200 шаршы метрлік жерге жібердік. Әкімдік таудан 5 гектар жер берді. Жазда олар еркін жайылу үшін осы аумақты айналдыра қоршауымыз керек. Жерсініп, аман шықса, жаз айында мүйіздерін кесіп, қанын алуға болады. Бойына қуат, дертіне шипа іздеген адамдар алысқа сабылмай-ақ, Ақсу ауданында емделе алады. Басты мақсат – маралдың санын көбейту. Алтайдың маралын Алатауда асырау – тәуекелді талап ететін, қиындығы көп шаруа», - деді шара қожалығының иесі Берік Алдабергенов.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы