«Туризмдегі проблема толық шешіледі»: ШҚО әкімдігі кәсіпкерлердің сынына жауап берді
Жергілікті билік өңірде туризм саласының дамып жатқанына сенімді
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері өңірде қысқы туризмнің дамуы нашар, курорттық орталықтарға демалушылар сирек келеді дегенін жазған болатынбыз. Олардың айтуынша, облыстағы жауаптылар қысқы туризмнің дамуына жете көңіл бөлмей, демалыс орындарына жүретін қоғамдық көліктің мәселесін де шешпеген. Алайда, облыстық туризм басқармасы бұл жайттарды жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шенеуніктердің айтуынша, табиғаты талайды тамсандырған шығыста қысқы туризммен айналысатын әртүрлі деңгейдегі 52 демалыс базасы бар екен. Курорттық орындарда 3 мың адам тұрақтай алатын төсек-орын қойылған.
«Олар бір маусымда 50 мыңға жуық адамды қабылдап, жарты миллиард теңге көлемінде қызмет көрсетті. Облыс орталығына жақын орналасуына байланысты, бір күндік келушілерді есепке алсақ, туристер саны бірнеше есеге артады. Аталған көрсеткіштер жыл сайын өсу динамикасын көрсетеді. Қысқы туризм өңірдегі туризмнің басым түрлердің бірі болып табылады және елдің Туристификация картасының ТОП-50 нысандарына кірді. Облыс әкімінің қолдауымен қысқы туризм объектілерін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы.
Осыдан үш жыл бұрын облыстық бюджеттен бөлінген 650 млн теңгеге «Нұртау» және «Алтай альпісі» тау-шаңғы кешендеріне апаратын жолдарға асфальт төселген. Бұдан бөлек, туристердің ыңғайы үшін облыстық бюджеттен шамамен 800 млн теңгеге Сібе көлдеріне апаратын жаңа жол салынған.
Кәсіпкерлер қоғамдық көлік жүрмегендіктен курорттық орындарға қарапайым жұрттың жетуі қиын деп шағымданған еді. Олардың сөзінше, инфрақұрылым жүйесі жаңартылмаған. Ведомство бұл бағыттағы сұрақтарға да жауап беріп, демалыс орындарындағы электр энергиясының тапшылығы толықтай шешілетінін айтты. Қазіргі уақытта Риддер қаласындағы ірі 5 демалыс орны мен Батыс Алтай мемлекеттік қорығын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жаңа электр желісінің құрылысы жүріп жатыр екен. Жобаның құны шамамен 700 млн теңгені құрайды.
«Жыл сайын әкімдік аталған жолдарды күтіп ұстау және тазалау жұмыстарын жүргізеді. Түйткілдер шешіліп жатыр. Бұл бағыттар бойынша тұрақты туристік автобус тасымалын ашу мәселесі КВИ шектеулеріне (наурыз айынан бастап ШҚО-да ауданаралық автобус тасымалына рұқсат берілмеген) байланысты кейінге қалдырылды. Өздеріңізге мәлім, биыл коронавирус пандемиясы жағдайы туризм саласы үшін өте ауыр болды. Дегенмен, мониторингтік топтардың рұқсаты негізінде барлық демалыс орындарына күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық тәртіпте жұмыс істеуге рұқсат берілді. Облыс бойынша кіру-шығу шектеулеріне қарамастан, жолдамалар арқылы туристік мақсаттағы саяхаттарға рұқсат берілді. Аталған іс-шаралар кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге және облыс тұрғындарын таза ауада демалуға, салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған. Қысқы туризм әлеуетін ілгерілету – басты міндеттердің бірі», - деді басқарманың баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: «Қажет болса, өздерің ұйымдастырып алыңдар» – ШҚО әкімдігі қысқы туризмге көңіл бөлмей отыр
Әмірболат Құсайынұлы, ШҚО