ШҚО-да 270 мектептің оқушысы далада дәрет сындыруға мәжбүр

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл өңір әжетханасы сыртта орналасқан аймақтар арасында үшінші орында тұр.

«Бізде 655 мектеп бар, оның ішінде 376  шағын мектеп.  Әжетханасы далада орналасқан білім ошақтарының  саны 280 емес, 270. Келесі жылы біз оны жөндейміз. Өкінішке қарай, жобалау кезінде дәретхананы ішке орналастыру мәселесі қаралмаған»,-деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Бірақ, Ахметов  бұдан басқа да өзекті мәселе бар ғой деп шамданып қалды.

 «Қылмыс дәретхана бар  ма, жоқ па, оған қарамай жасалады. Мүмкін, оның әлеуметтік негізі, мүмкін, психологиялық себебі бар шығар, сондықтан, бірді бірге шатастыруға болмайды», - деді ол.

Айта кетейік, Таразда 37 жастағы ер адам  12 жастағы  оқушы қыз сабақ үстінде  сұранып шыққанда, мектеп ауласындағы дәретханада зорлап кеткен болатын. Осы жантүршігерлік оқиғадан соң Жамбылдың білім беру басқармасының басшысы, білім ордасының директоры, орынбасары мен вахтері жұмысынан қуылды. Одан қалды жұмысындағы салғырттығы үшін  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Тараз әкімі жұмыстан босатылды.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан