Елордадағы мектептердің бәрі де қашықтан оқыту режиміне көшуі мүмкін
20 мектепте оқу процесі 14 күнге онлайн режимге ауыстырылды
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пралиева оқушылар мен оқытушылар арасында коронавирус жұқтыру жағдайының тіркелуі күн сайын жалғасып жатқандықтан, меншік нысанына қарамастан, мектептерді қашықтан оқыту жүйесіне көшіру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
10 желтоқсандағы жағдай бойынша, аудандық санэпидбақылау басқармаларының бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысымен 20 мектепте оқу процесі 14 күнге онлайн режимге ауыстырылды.
Оқу жылының басынан бері барлығы 224 оқушы ауырған. Оның 179-ы қашықтан (қаладан тыс жерлерден келген оқушылар саны - 15, оның ішінде оффлайн режимде - 2) оқығандар. Мектеп бойынша барлығы 590 қатынаста болған азамат тексерілді. 8 жағдайда мектеп оқушылары және 1 жағдайда оқытушы қарым-қатынаста болғандықтан ауырған.
Еске сала кетейік, 10 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы коронавирустың таралу қаупі бойынша «қызыл» аймаққа қайта енді.