АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандар саны Екінші дүниежүзілік соғыста мерт болғандардан асып түсті
Бір тәулікте елде 3 011 науқас көз жұмды
АҚШ-та коронавирустық инфекцияның 15 миллионнан астам жағдайы тіркелді, 292 091 адам қайтыс болды. Осылайша, COVID-19-дан қайтыс болғандар саны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі елдің әскери шығындарынан асып түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі NBC телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметтері бойынша, COVID-19-дан туындаған асқынулар салдарынан АҚШ-та 292 091 адам қайтыс болды. Ардагерлер істері министрлігінің мәліметтері АҚШ-тың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 291 557 әскери қызметкерден айырылғанын көрсетеді.
Бұған дейін The New York Times газеті бір-ақ күнде (сәрсенбіде) елде COVID-19-дан 3 011 науқас қайтыс болғанын жазды.
Федералды және жергілікті биліктің мәліметтері негізінде есептеулер жүргізетін Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, АҚШ-та коронавирустық инфекцияның 15,58 миллионнан астам жағдайы анықталды, 292 091 адам қайтыс болды. Ел екі көрсеткіш бойынша да әлемде бірінші орында.