2025 жылдан бастап қазақстандық азаматтар жаппай декларация тапсырады
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға ортақ табысты декларациялау жүзеге асырыла бастайды. Табысты есепке алу бірнеше сатыдан тұрады. Келесі жылдың басынан бастап шенеуніктер, саясаткерлер мен олардың жұбайларының басына жазылған дүние-мүлік түгенделеді. Ал 2023 жылдан бастап бұл тізімге мемлекеттік мекемелер, бизнес және квазимемлекеттік компаниялар кіре бастайды. 2025 жылы қалған қазақстандық азаматтар декларация тапсырады.
Декларацияда қаржылық активтер, борышкерлік міндеттемелер, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер көрсетілуі тиіс. Алайда, «Сырт елдерде сақтаулы активтерді көрсету керек пе?» деген мәселеге қатысты Қаржы министрлігі әзірге БАҚ өкілдеріне мардымды жауап берген жоқ.
Құжатта бұрын реттелмей келген ақшалай кірістер мен шығындар, сондай-ақ көлемді қаражатқа жасалған келісімшарттар, сату-сатып алу шарттары толық бақылауға алынады деп көрсетілген. Көп жылдан бері талқыланып, пысықталған жобаның аясында 13 млн қазақстандық табысын жария етуі тиіс.
Сарапшылар жалпыға бірдей декларация таксист болып тапқан қаражаттан бастап, халықтың тойдан түскен қаржысына дейін құжатқа түсіріп отыруға міндетті екенін айтады. Кімде-кім табыс декларациясын тапсырғанда, дүние мүлкін жасырса, ол өзіне шығын болып қайтады. Әр азамат он жыл сайын есеп беріп отырады. Осы уақыт аралығында декларацияда көрсетілген дүниеден артық табысы болса, оның 10 пайызын салық түрінде төлейді. Одан тыс, 30 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Декларация қандай мүліктер бойынша толтырылады:
Azattyq Rýhy тілшісі бірнеше сарапшыға «Табыс декларациясы не береді?» деген сауал жолдап, пікірін білді. 20 күннен соң басталатын науқанға Қарағанды облыстық кірістер департаменті дайын. Негізі, мемлекеттік қызметкерлерден басталатын жалпыға бірдей декларация тапсыру ісі бойынша 2021 жылдың 15 шілдесіне дейін қағаз түрінде, әрі қарай 15 қыркүйектен бастап электронды түрде жүзеге аса бастамақ. Аймақтық департамент басшысының орынбасары Қанат Балтабеков жалпыға ортақ декларация толтыру бойынша мәліметтер базасы Мемлекеттік кірістер комитетінде жасақталғанын айтады. Оның айтуынша, әр аймақ мемлекеттік қызметкерлердің тізімін жасақтап, қазір тестілік жүйеде мәліметтер базасы тексеріліп жатыр.
«Келесі жылы мемлекеттік қызметкерлерден басталады, олардың жұбайы есеп беруі тиіс. Ал жеке тұлғаларға 2025 жылы қатысты болады. Енді бұған салық органдары дайын ба дегенге келсек, тестілік режимде дайындық пысықталып жатыр. Біз өзіміздің қатарымыздағы мемлекеттік қызметкерлерді (салықшылар - авт.) тексердік. Ешкім қашып отырған жоқ. Барлық мүлік, жер және көлік бойынша салыстырып тексеріп көрдік. Қарағанды бойынша 520 салық қызметкері бұл науқанда декларация тапсыруға дайын отыр. Арасында сәйкес келмейтін 1-2 пайызы ғана шықты. Олардың мүлікті қайдан алғаны тексеріледі», - дейді фискальдық органның өкілі Қанат Балтабеков.
«ДЕКЛАРАЦИЯ АУҚАТТЫЛАРДЫҢ АКТИВТЕРІН ӘШКЕРЕ ЕТЕ АЛМАЙДЫ»
Елде табыс пен қаражат шығындарын декларациялау – көп жылдан бері айтылып келе жатқан бастама. Осыдан 7 жыл бұрын қолға алынған ауқымды шараны іске асыру үшін техникалық мүмкіндіктер мен ережелер бекітілді. Бірақ бұл бастама кімге арналуы керек және оның экономикаға беретін пайдасы қандай? Белгілі экономист Меруерт Махмұтова бұл науқанның ел экономикасына айтарлықтай әсері бола қоймайтынын айтады. Бірақ, мұны мемлекет тарапынан жасалған жемқорлыққа қарсы күрес, жариялылыққа жол ашуға сияқты қадам деп бағалау керек деп есептейді.
«2021 жылдан бастап халық декларация тапсырса, экономикаға оң әсері болады деген кейбіреулердің пікірімен келіспеймін. Тек халықаралық деңгейден қарағанда, біршама позитивті қадам деп қарауға ғана болады.
Бұл декларация қарапайым халыққа арналмауы керек. Себебі, бізде халықтың 99 пайызында басындағы үйі мен астындағы көлігі болмаса, күмәнді дейтін ештеңе жоқ. Қалған 1 пайыз миллиардерлер қайдан пайда болды дегенге жауап іздеуі тиіс. Бізде көбі мемлекеттік қызметте жүреді де, басқа бизнесі жоқ болғанына (табыс көзі – авт.) қарамастан байып жатыр. Сондықтан декларация осындай топтың жолын кесуге бағытталуы керек. Британияда «Шығу тегі белгісіз байлық» деген науқан жүріп жатыр. Оған біздегі ақшасын шетелге тасып жатқандар да ілігіп кетіп жатыр», - дейді Меруерт Махмұтова.
Аса ірі байлардың - олардың шетелдерге жіберген, сонда ұстап отырған активтерін жалпыға ортақ декларация аясында заңдастыру мүмкіндігі бар ма? Бұл сауалға экономист «мүмкін емес» деп жауап қатады.
«Financial Times сияқты басылымдар біздегі ірі байлар хақында ақпарат жариялап жатыр. Өзіміздің әліміз келмесе де, халықаралық журналистер қазақстандық ауқаттылардың сырттағы активтеріне қатысты мәліметтерді жиі жариялай бастады. Қарап отырсақ, ондай бай-бағланның дүниесі офшорда жатады. Олардың дүние-мүлкі әйелдеріне, жиендеріне немесе бала-шағасының атына жазылады. Сондықтан, бұл декларация толтыру науқаны олардың дәулетінің қайдан келіп жатқанын аша қояды дегенге сену қиын. Бұған дейін мемлекетімізде мұнай секторы, шикізат және майнинг бойынша компаниялардың соңғы иесін ашатын шешім қабылданды. 2019 жылдан бастап олар салық органдарына есеп беріп жатыр. Өткенде осы бойынша зерттеп қарасам, алтын өндірісі бойынша тіркелген компаниялардың бәрі жап-жас қыз-келіншектерге тіркелген екен. Әрине, шынайы иесі олар емес. Бірақ түпікілікті бенефицар болып солар жазылған. Жаңағы айтып отырған жалпыға бірдей декларация толтыру дәулеттілердің байлығын ашып көрсетпейтіні анық», - дейді сарапшы.
Табыс декларациясы студенттер мен зейнеткерлерге де қатысты болады. Олар үшін кеңейтілген емес, қысқа есеп беру формасы енгізілмек. Егер шәкіртақы немесе зейнетақыдан тыс қосымша мүлкі болмаса, декларацияның қысқартылған формасын толтыра алады. Ал, бір дүние сатып алып, кеңейтілген есеп беру формасы аясында табыс декларациясын дұрыс толтырмаса не болады?
Егер жеке тұлға табыс декларациясын қате толтырса, автоматтандырылған мәліметтер базасымен сәйкес келмегені көрсетіледі. Онда оның жеке поштасына салық органдары шақырту жолдап, бір ай ішінде қателікті түзетпесе, барлық есепшоттар бұғатталады. Ақпараттық жүйе деректердің сәйкес келмейтінін автоматты түрде анықтайды.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы