Тұрғын үй тамызда пайдалануға берілуі тиіс еді
Павлодарда 4 айдан бері уәделі баспанаға кіре алмай жүрген салымшылар құрылыс алаңына жиналды. Олар құрылыстың уақытынан кешігіп жатқанына алаңдаулы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Тұрғындардың бірі 2 бөлмелі пәтер алу үшін 10 жыл қаражат жинапты. Содан бері 3 баласымен пәтер жалдап жүр. Ол тұрғын үйге қыс келсе де, әлі күнге жылудың тартылмағанын айтты.
«Қалалық биліктерден көмек болып жатқан жоқ. Жазған хатқа жауап жоқ. Қалалық биліктегілер бір-біріне итеріп отыр», - дейді салымшылардың бірі Нұрбек Қаламов.
Ал қала әкімдігі үйлерге коммуналдық желілердің уақытылы тартылмауына қағазбастылық себеп болғанын айтып, ақталды.
«Достық» шағын ауданына жылу желілерін тарту жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады. Жылу тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қалған инженерлік желілер 2021 жылдың жарты жылдығында толық аяқталады», - дейді Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Арман Асылханов.