ДСМ-нің ресми өкілі мұндай мәселе көтерілмегенін айтты
Мессенджерлердің бірінде 16 желтоқсаннан бастап енгізілетін екі апталық локдаун туралы ескерту хабарлама таралуда. Хабарлама авторының айтуынша, азық-түлік дүкендері де жабылып, тек дәріханаларға бұрынғы режимде жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Дегенмен, ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Бұл жалған ақпарат. Бүгінгі таңда мұндай қатаңдату шараларын қабылдау жоспарланып отырған жоқ. Бірде-бір облыста мұндай мәселе көтерілген жоқ», – деп хабарлады комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Ол сондай-ақ медициналық бетперде тағудың және әлеуметтік қашықтықты сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салды. Мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға шақырды.