ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1 480 адам коронавирус жұқтырды

Әйелдің діндегі рөлі тек күйеуіне мойынсұну емес – Сириядан келген әйелмен сұхбат

«Жусан» операциясы арқылы елге оралған келіншектер қоғамға бейімделіп жатыр

Осыдан бірнеше жыл бұрын Сирия мен Ирак аумағында ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым – авт.) жақтастары лаң салып, Таяу Шығысты соғыс ошағына айналдырған тұста, лаңкестік ұйым қатарын қазақстандықтар да толықтырып жатты. Елімізден жүздеген ер адам өз отбасын алып, Шам жеріне заңсыз өтіп кеткен еді. Олардың көбі соғыс даласында өлсе, тірі қалған кейбірі Қазақстанға келіп, осында жазасын өтеп жатыр. Ал әйелдері мен балалары әлі күнге дейін оңалту орталықтарында жүр. Олармен психологтар, теологтар, қауіпсіздік комитетінің мамандары әлі күнге дейін жұмыс жүргізіп келеді.

Былтыр «Жусан» операциясы аясында Қазақстанға жүздеген әйел мен балалар Таяу Шығыстан оралған болатын. Солардың қатарында ШҚО тумасы Гүлжамал Құлжабекова да бар.

Гүлжамал 19 жасында ауылдасының тұмшаланғанын көріп, дінге қызығушылық танытады. Діни білімді ресми медреседе алудың орнына, жеке пәтерде әйелдерді жинап уағыз өткізетін Мәдина деген адамды тыңдайды. Санасы уланған Гүлжамал әйелдің діндегі рөлі тек азаматына мойынсұну деп түсінеді.

«Білімсізбін, білімім жеткен жоқ ешнәрсеге. Әлі күнге дейін жетпей жатыр», - деп көзіне жас алған Гүлжамал Таяу Шығыста өлімді көп көргенін айтады.

«Бомба жарылып жатқан жерде жүрдік. Мен өлім тез екенін білдім. Тез келіп, тез алып кетті көбісін. Біздің қатарымызда Әбу Омар өзбек деген болған. Сол келіп айтты. «Сенің күйеуің шахид. Мүмкін сен шахид боларсың, мүмкін балалар кетер» деді. Ең соңғы кетіп бара жатқанда «Өлімге дайын бол» деп айтып кетті», - дейді Гүлжамал.

Сөйтіп, Сирия жерінде ол күйеуінен айрылады. Ол аздай, 5 жасар баласы да ажал құшады. Сирияда бүлікшіл топтың қаруымен ойнап отырған балалар автоматтың шүріппесін басып қалып, оқ Гүлжамалдың ұлы Закарияға тиеді. Баланы ажалдан арашалап қалу мүмкін болмайды.

Данияр Шаймұхамедов – Гүлжамалдың марқұм жолдасы. Татар жігіті Шам жерінде ДАИШ содырларының сапын толықтырады. Қарулы қақтығысқа қатысқан. Сол кезде оққа ұшқан.

Жолдасы қаза тапқан соң, жарты жылдан кейін Гүлжамал 2 баласымен ақтөбелік содырдың етегінен ұстайды. Бірақ ол жетімдерге өгейлік танытқандықтан, ажырасып тынады. Көп ұзамай үшінші рет ұлты орыс азаматқа тұрмысқа шығады. Оның да көңілін таба алмай, бір аптадан кейін содыр талақ береді.

«Күйеуімнен айрылып, жесір қалдым. Оған қоса, балаларым соғыс пен өлімді көп көріп, психологиялық теріс әсер алды. Салафиттер адамдарды қинайды, олар теріс дінді жамылған! Ол жақта ешқандай дін үшін күрес болып жатпағанына көзім жетті», - дейді Гүлжамал.

Қазір жесір әйел 2 баласымен Зайсанда тұрады. Тырнақ бояйтын маман болып жұмыс істеп жүр.

«Еліме көп рахмет. Балаларымды мектеп пен балабақшаларға орналастырды. Оңалту іс-шараларын жүргізіп, Сирия аумағындағы салафиттерден көрген зардаптарымызды ұмыттырды. Балаларымды көзімнің тірісінде асырап, жеткізуім керек. Қазақстаныма қызметін көрсетсін. Біз жасаған қателіктерді қайталамау үшін тәлім-тәрбие беруім керек. Қазағымның дәстүрі мен салтын үйретуім қажет», - деді ол.

Ал дін мамандары тәкфіршілерден қоғамға, мемлекетке қауіптің барын жасырмайды.

«Қаншалықты адам такфиризм идеясын меңгеріп, сол бағытқа кіретін болса, соншалықты оның санасында агрессиялық көңіл күй жоғарылайды. Ол айналаға шашырайды. Тек қана діни емес, саяси-әлеуметтік жағынан да мұның зияны бар. Мемлекет берген тыныштықты, мемлекеттің ауызбіршілігін бұзу, жамағатты бөлу араздыққа алып барады», - дейді «Жусан» операциясымен келген азаматшалармен жұмыс істейтін теолог Жандәулет Сүлейменов.

Оның айтуынша, қазақ қоғамында қашанда әйелдің лайықты орны, сый-құрметі болған. Қазақ әйелі қара жамылып жүрмеген.

«Жусан» операциясымен оралғандар қазіргі таңда қоғамға бейімделіп келеді. Бұрынғыдай агрессия жоқ, олардың бәрі дерлік өз қатесін түсінеді. Туған жерінде, бейбіт елде өмір сүргеніне қуанады», - деді Жандәулет Сүлейменов.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан