Теріс діни ағым жетегіне түскендерді оңалту өте ауыр жұмыс - психолог

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан билігі "Жусан" операциясы барысында Сирия мен Иракта жүрген қазақстандық әйелдер мен балаларды елге алып келді

Қазақстанда діни экстремизммен күрес мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Әсіресе соңғы бірнеше жылда еліміздің құқық қорғаушылары «сақтансаң сақтаймын» деген қағиданы берік ұстанып келетіндей. Кезінде Ақтөбе мен Алматыда, Атырау мен Таразда, Маңғыстау облысында болған лаңкестік оқиғалардан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті болсын, ішкі істер органдары болсын ерекше қырағылық танытып келеді. Жыл сайын Қазақстанда ондаған адам экстремистік іс-әрекеті, теріс діни ағымдарды насихаттағаны, терроризмге оқталғаны үшін сотталып жатады. Бұл сол қырағы жұмыстың нәтижесі.

Дін – қазақ тұрмысының ажырамас бір бөлігі. Ата-бабаларымыз исламды дәстүрмен ұштастырып, өмірдегі күнделікті дағдыларға айналдырып кетті. Сондықтан да, дін ғұламалары осы дәстүрлі исламды тура жол деп санайды. Осы жолмен жүрсек қана ешқандай теріс ағым бізге қорқынышты емес.

Өкінішке қарай, қазір кімнің оң, кімнің теріс жолда жүргенін ажырату қиын. Таңертең ғана мешіттен шыққан адамның түстен кейін ауыр қылмысқа барғанын талай рет естігенбіз. Қылмыс жасап, жазасын өтеп жатқан жастардың арасында да исламның парыздарын орындап жүргендері аз емес. Жастар діннің тек сыртқы формасын ғана қабылдап, негізгі міндеттеріне, философиясына үңіле бермейді. Яғни, жылына бір рет оразасын ұстап, күніне бес уақыт намазын оқиды да, жүрекпен иман келтіру мәселесіне мән бермейтін секілді. Жүрекпен иман келтірген адам ауыр қылмыс жасайды ма? Әрине жоқ. Құдайдан қорыққан адам қылмысты ауыр-жеңіл деп бөліп жармай, оны мүлдем дұрыс емес деп есептейді ғой?! Тиісінше, ондай қадамға бармайды да. Демек, біздегі проблема – дінді жастардың жетесіне жеткізіп түсіндіретін ғалымдардың, мамандардың аздығында. Ал, сол бос кеңістікті радикалды ағым өкілдері пайдаланып кетіп жатыр.

Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың (барлығының емес, басым көпшілігінің) діни білімінің төмендігін білу үшін арнайы зерттеу жүргізудің қажеті шамалы. Өйткені, жастар арасындағы діни әңгіме негізінен сақал қою дұрыс па, бұрыс па, хиджаб кию, балақ қысқарту, ақида ұстану төңірегінде ғана өрбиді. Ал, иман, адамгершілік, өзін тану, құдайды тану сынды тақырыптар қозғауға, зерттеуге көптің ілімі жете бермейді, қызығушылығы да аз.

Түркісан облысы қоғамдық даму басқарамасы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ «Әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімі маманы, психолог Айсұлу Джахаеваның айтуынша, теріс діни ағым уағызшыларының құрбанына осындай ілімсіз жастар көп ілінеді.

«Ислам дінін теріс уағыздап жүргендер қаншама отбасыны дұрыс жолдан тайдырып, өздерінің бұрыс идеологиясын жүргізіп жатқаны жасырын емес. Алланың атын жамылып, өздерінің қара ниетін діни сауаты төмен азаматтар арқылы жүзеге асыруда. Әдебиетіміз бен тарихымызда жастайынан сақалды жөнсіз өсірген мәдениетті естіген емеспіз және қыз келіншектердің құдды бір қазаға ұшырағандай қара жымылып, бет-аузын тұмшалаған қылығы жаныңа батады. Қазақта қара – қайғының, ақ – жаулықтың белгісі. Онда неге жас өрімдей қыздарымыздың ақ немесе қара жамылуын түсіне алмай келеміз. Әрине мұның бәрі ілімсіздіктің кесірі. Өзге елдің жымысқы саясатын тықпалап, аруларымызға қазақ әйеліне тән емес, салтымызға қайшы «перде» жабуға мәжбүр етті. Исламда адамның иманы сыртқы киіммен өлшенбейтіндігі бесенеден белгілі. Қазірде ислам діні десе, жұрттың төбе шашы тік тұратыны содан. Кереғар діни ағымның мақсаты – имани таза мұсұлман дініне іріткі салу.

Осындай ислам атын жамылған теріс ағым ықпалынан қаншама қандасымыз отанын, отбасын, ата-ана бауырын жат санап қақтығыс аймаққа аттанып кетті. Онда «Ислам халифатын» құрамыз, шын мұсылмандар бір аспан, бір шаңырақ астында өмір сүреміз деген жалған ислами сенімнің құрбаны болды.

Бірі Сириядағы шынайы өмірді біліп барса, бірі білместен барып, өздерінің ешқандайда ислам халифатын құруға емес, әлде біреулердің түсініксіз саясатының қолшоқпары болуға келгендерін кеш түсінеді. Алайда, шегінерге жол жоқ. Әйелі, бала-шағасының өмірін қауіп пен қатерге тігіп, қантөгістің ортасында жүруге мәжбүр болды», - дейді психолог маман.

Оның айтуынша, Түркістан облысында теріс жолға түскен жандармен оңалту жұмыстары жан-жақты жүргізіледі екен.

«Қазіргі таңда Түркістан обылысында «Жусан» операциясы бойынша оралған 5 отбасы бар. Түркістан обылысы Қоғамдық даму басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог және психолог мамандары олармен радикалды санадан арылу, қазақи салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылығымызды бойларына сіңіру, дәстүрлі діни көзқарасқа қайтару мақсатында үздіксіз оңалту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Деструктивті діни ағымдығы отбасылармен жұмыс жүргізуде оларды 100 % оңалды, қоғамға бейімделді деп айтуымызға әлі ерте. Психологиялық тұрғыда шаршаған адамға бірден оңалту шараларын жүргізу дінді түсіндіру қиынға соғады. Өйткені олар танысқанына көп балмаған адамдарға сене бермейді. Бірте-бірте қоғамға бейімделіп келеді. Аналарына және балаларына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Олар қақтығыс аймағында теледидар көруді харам деп санаған, музыка мен мерекелік іс-шараларға қарсы болған», - дейді А.Джахаева.

Психолог маман балалардың қорқынышпен және күйзелістен арылту үшін арт-терапия, тыныс алу гимнастикасы, құммен ойнау және түрлі терапия ойындарын ойнату арқылы көмектесіп жатыр. Балаларды қалыпты қоғамға қайтару үшін жылдар бойы кешенді психологиялық оңалту жұмыстары қажет. Аналары орамалдан түбегейлі бас тартпаса да, тұмшаланып орануларын ашық түске ауыстырған. Қақтығыс аймақта болған күндерін естеріне алғысы келмейді. Көңіл-күйлері жақсы. Елге деген алғыстарын жеткізуде.