Қаладағы Мәншүк Мәметова, Абай көшелеріне де жаңа атау беріледі
Бүгінде Шымкент қаласында 2349 көше болса, соның 300-ден астамында атауы жоқ деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Осыған орай, 13 қараша күні Шымкенттегі Әл-Фараби ауданы әкімінің мәжіліс залында қоғамдық тыңдау болып өткен. Онда 361 көше мен 24 шағынауданға атау беру және қайта атау ұсынылыпты.
«Юрий Гагарин көшесінің атауы өзгереді деген ақпаратты БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқылап жатыр: ғарышқа ұшқан алғашқы адам ретінде құрмет көрсетуіміз деп жазуда. Енді сол өзгерістің себебін түсіндірер болсақ, 2014 жылы Шымкентке Сайрам және Төле би аудандарынан 40 елдімекен қосылған болатын. Тиісінше, қалада Мәншүк Мәметова, Абай, Юрий Гагарин деген көшелер саны артты. Әкімшілік аумақтық құрылыс туралы заң бойынша, 1 елдімекенде бір көшенің атауы екі рет қайталанбауы керек. Сол себепті біз мынау Шымкент қаласы Абай ауданы Игілік тұрғын алабындағы Юрий Гагарин мен Еңбекші ауданындағы Жұлдыз тұрғын алабындағы Юрий Гагарин көшелерінің атауын өзгертіп, қаланың орталығындағы Гагарин көшесін өзгеріссіз қалдырдық. Ал, Игіліктегі көшеге – Айсакөл, Жұлдыздағы көшеге Асубұлақ атауларын беруді ұсынып отырмыз. Юрий Гагарин расымен де әлемге ортақ тұлға, біз оның атындағы негізгі көшеге тиіспейміз», - дейді Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Сәкен Әбдіжаппар.
Шымкентте сондай-ақ, жергілікті тұрғындар өздері ауызекі тілде атап кеткен елдімекендер бар. Қала әкімдігі сондай 24 шағынауданның атауын өзгеріссіз, яғни халықтың берген атауымен қалдырыпты.
Сондай-ақ, шаһардағы шартты атаумен қойылған кей шағынаудандардың атауы, яғни, жергілікті қоныстанған халық ауызекі тілде қойылған атаулар бар. Сондай 24 шағын ауданның атауын өз күйінде өзгеріссіз халық берген атаумен қалдырылған. Заңды шешімін шығару үшін Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы көпшіліктің дауысын жинап, оны қалалық мәслихат пен әкімдіктің бірлескен қаулысымен Үкімент жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға ұсынған. Комиссия келісімін алғаннан кейін әкімдік пен мәслихаттың бірлескен қаулысымен бекітіліп, әділет органдарында тіркелетін болады.
Арай Есенбек, Шымкент