Осынша көп қағаз ақша көзді қызықтырғанымен, қолқаны қабардай күлімсі иісі де бірден сезіледі
Елордалық кәсіпкер Ерлан Мұсаев 200 теңгелік ақшаның бір шабаданын жинап қойыпты. Оның себебі ақшақұмарлықта емес, басқада екен, деп жазады Azattyq Rýhy «Экспресс К» басылымына сілтеме жасай отырып.
Бизнесмен банкноттар қатты ескіргенімен, дәл осы ақшаның монета түрінде шығуы – үлкен қателік болмақ дегенді айтады.
Белгілі болғандай, номиналы 500 теңгеден бастап, 10 мың теңгеге дейінгі қағаз ақшалардың бәрі ендігі төртінші мәрте жаңартылып үлгеріпті. Ал 200 теңгелік ақша 2006 жылдан бері әлі айналымда жүрген көрінеді, сол себепті де қатты тозып кеткен.
Шабаданға 480 мың теңге сыйыпты. Осынша көп қағаз ақша көзді қызықтырғанымен, қолқаны қабардай күлімсі иісі де бірден сезіледі.
«Шабаданды ашқан кезде-ақ ақшаның сасық иісі мұрынға келеді. Бұл ақшалардың қаншама қолдан өткені тек бір Құдайға ғана аян шығар», – дейді кәсіпкер.
Бұл иіс қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін барлық бизнесменге жақсы таныс-ақ. Қазір адамдар жыртылған ақша түгілі, тоза бастаған ақшаны да қайтарымға алғысы келмейді екен.
«Жұртта ұсақ ақша мен 200 теңгелік қағаз ақшаның жоқтығынан біз, кәсіпкерлер, біраз пайдадан айрылып жатырмыз», – деп күйінеді Мұсаев.
Кәсіпкердің пікірінше, жақында ғана Ұлттық банктің номиналы 200 теңгелік монетаны айналымға шығаратыны туралы бастамасы жағдайды қиындатпаса, жеңілдете қоймайды-мыс. Өйткені, терминалдар жаңа әрі ірілеу монеталарды қабылдауы үшін оларды қайта жасақтауға тура келеді, ал оған біраз уақыт пен қаржы керек. Сол себепті, кәсіпкерлер тағы да шығынға бататын көрінеді. Оның үстіне, әр монета жеті грамға жуық, яғни 10 банкноттың салмағындай салмақ тартады дейді Мұсаев.