$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.11.2020, 18:25
Қоғам

Көкшетау тұрғындары базардағы ет сапасына күмәнмен қарайды

Тұтынушылар базарға жеткізілетін еттің көбінде тиісті құжаттар болмайтынын айтады

Көкшетау тұрғындары базардағы ет сапасына күмәнмен қарайды
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Көкшетау қаласының тұрғындары базарларда сатылатын еттің сапасы мен оның тазалығына күмәнмен қарайды. Олар мал өнімі сауда орындарына еш құжатсыз жеткізіліп, санитарлық талаптар ескерілмейді деп санайды. Тұтынушылар базардағы ет сапасының, оған қойылатын талаптың бақылаудан шығып кеткені үшін алаңдайды.

«ЕТ САТУШЫЛАР САНИТАРЛЫҚ НОРМАНЫ САҚТАМАЙДЫ»

«Жақында таңғы он шамасында «Континент» сауда үйінің жанында мынадай сорақылыққа тап болдым. Етті жеңіл көліктің артқы жүк салғышына тастай салыпты. Жерге өлшейтін таразыны қоя салған. Сол жерде өлшеп сатып жатыр. Бұл нағыз антисанитария емес пе? Ол еттің базар және дүкен сөрелеріне түсетіні шындық қой. Қазіргі карантин шаралары күшейтілген тұста осындай жағдайлар болып жатыр. Санитарлық талаптардың сақталмайтыны көзге анық көрініп тұр. Бұл еттің қайдан келгені, оның тазалығы мен ветеринарлық нормаларға сәйкестігін ешкім бақыламағаны ма? Мұндай фактілер жиі кездеседі. Тіпті, базардан ет алуға да қорқатын болдық», - дейді Анна Федорова.

Базардағы саудагерлер етке берілетін құжат төңірегінде де күрделі мәселелер толып жатқанын ашық айтты. Олардың айтуынша, ауылдардан еш жүкқұжатынсыз ет өткізуге келетіндердің қатары көп.

«Еттің көбіне ауылдардағы ірі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарынан жеткізіледі. Делдалдар мал етін сатып алып, бізге қымбатқа сатады. Әрине, өнімін еш құжатсыз ұсынатындар да жиі келеді. Біз ондай етті ала алмаймыз. Сондықтан, барлық шаруалар мен жеткізушілер үшін қала сыртында бекет ашса деген өтінішіміз бар. Онда полиция, ветеринар мамандар болып, етті тексеріп өткізгені жөн болар еді. Егер мал ұрланып, жоғалған болса, сол мәліметтермен жауапқа тартуға да болар еді», - дейді орталық базар сатушысы, жеке кәсіпкер Әубәкірова.

Сатушы айтқандай, облыста еш құжатсыз ет сатып жүргендер көп болып шықты. Мұны Ақмола облыстық полиция департаменті де растады.

ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 73 ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛҒАН

«Тәртіп сақшылары күн сайын мал етін таситын автокөліктерге тексеріс жүргізеді. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам көлік тексеріліп, ет өнімдері мен малды еш жүкқұжатынсыз жеткізіп келген 73 факт анықталды. Ал бұл Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 406-бабына сәйкес заң бұзу болып есептеледі», - дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Полицияның хабарлауынша, малды тасымалдау кезінде ауылдық округ ветеринар дәрігерінің №1 формадағы анықтамасы, малдың ветеринарлық төлқұжаты немесе оның көшірмесі мен қайдан келгені туралы мәлімет болуы тиіс. Ал ет өнімдерін тасымалдау үшін ауылдық округ ветеринар маманының №2 анықтамасы болуы қажет. Онда мал сойылған цех туралы деректер көрсетіледі.

Дегенмен, ветеринар мамандар да заңбұзушылыққа жол беріп, етті еш құжатсыз сатуға жол беріп, ол үшін пара алған жағдайлар да кездескен. Өткен жылы Степногорск қаласында ветеринарлық-санитарлық инспектордың кәсіпкерлік субъектінісінен базарда етті жүктеме құжатсыз сату үшін 2 мың теңгеден 11 мың теңгеге дейін пара алды деген күдікпен ұсталған. Қазір аталған іс соттың қарауына түскен. Одан бір жыл бұрын Көкшетау қалалық ветеринария бөлімінің бас маманы мен жеке компанияның ветеринар дәрігері ұсталған. Олар етті жеткізушілерден әрбір тұтас ет үшін 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін төлетіп, жалған анықтама беріп келген.

Ет саудасындағы кедергілер жөнінде Көкшетау қалалық Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау басқармасының басшысы Қанат Ысқақовтың пікірін білдік.

«Қазір ет эпидемиологиялық маңызы төмен өнімдерге жатқызылған. Сол себепті, жоспарлы түрде ет сататын базарлар мен сауда орындарын тексеруге құқығымыз жоқ. Арыз-шағым түскен жағдайда ғана тексере аламыз. Биыл мұндай арыз түскен жоқ. Жоспарлы мониторинг жүргіземіз. Ет сататын адамдарда міндетті түрде ветеринарлардың анықтамасы мен сертификаттары болуы тиіс», - дейді Көкшетау қаласының бас санитар дәрігері Қанат Ысқақов.

Ал облыстық аумақтық ветеринарлық инспекциясы ет саудасы мәселелелеріне қатысты сауалымызға берген жауап берді.

«Әрбір ет сататын базарларда ветеринарлық инспекторлар бекітілген. Олар еттің тазалығы мен сатылу тәртібіне назар аударып, күн сайын тексеріс жүргізеді. Ет сатушылар өнімдерінің қауіпсіздігін сақтап, ветеринар маманның анықтамасын алуы тиіс. Ет өнімдерін сататын кәсіпкерлер ветеринарлық талаптарға сәйкес ет өнімдеріне қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Ішкі сауда нысандарында ветеринарлық ережелерді сақтамағаны үшін Әкімшілік кодекстің 406-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Елу айлық есептік көрсеткіштен бастап 200 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Жыл басынан бері аталған бақа қатысты айыппұлсалынған жоқ. Карантин режимі енгізілгелі, сауда нысандарында ветеринарлық қадағалау тәртібі өзгерген жоқ. Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бақылау және қадағалау жүргізу қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Биыл ветеринар мамандардың заңсыз тексеру жүргізілгені туралы мәлімет болған жоқ», - дейді Ақмола облысының аумақтық ветеринарлық инспекциясының басшысы Манат Әбдірахманов.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары