Павлодар облысында жеке басын растайтын құжатсыз жүрген 153 адам анықталды
Олардың ішінде 117 азамат Кеңес Одағының қызыл паспортымен жүр
Павлодар облысының полицейлері жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген 153 адамды анықтады, олардың ішінде 117 азамат Кеңес Одағының қызыл паспортымен және 27 азамат туу туралы куәлігімен жүрген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полицейлері облыс аумағында тұратын құжатсыз адамдардың жеке басын құжаттандыру бойынша іс-шараларды жалғастыруда.
«Облыс аумағында 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортын уақытылы алмастырмаған, сондай-ақ туу туралы куәлікпен жүрген немесе мүлдем құжаттандырылмаған азаматтар анықталуда. Негізінен, олар – түрлі себеппен өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар. Әдетте олар шалғай ауылдық жерлерде тұрады немесе белгілі бір тұрғылықты жері жоқ болғандықтан кез келген жерді паналайды. Мұндай азаматтар әлеуметтік жәрдемақылар мен мемлекет кепілдік берген өзге де жеңілдіктерді алу мүмкіндігінен айырылған», - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының азаматтары саналмайтын, сондай-ақ өзге мемлекеттің азаматтығына қатысын дәлелдей алмайтын азаматтарға көші-қон қызметі өз құзыреті шеңберінде құқықтық көмек көрсетеді.
Павлодар облысының полицейлері облыс тұрғындарына Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттарын ресімдеу, азаматтығы жоқ және мәртебесі заңмен реттелмеген адамдарды құжаттандыру үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгіну қажет екенін еске салады.