Жыл басынан бері қазақстандықтарға 2 трлн теңге зейнетақы төленді

Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 95 мың теңгені құрады

Жыл басынан бері қазақстандықтарға 2 трлн теңге зейнетақы төленді
Фото: ашық дереккөзден

2020 жылғы қаңтар-қазан айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 641,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 1 трлн 430,2 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылғы қазан айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 209,9 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 65,1 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 144,8 млрд теңге бөлінді.

«2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 221 мың адамды құрайды. Ал зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 94 944 теңгені құрады», - делінген хабарламада.

Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалған болатын.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

«Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді», - делінген министрліктің мәліметінде.

Егер бір ай ішінде МЗЖ бірнеше рет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.