Елімізде «ЖОО үздік оқытушысы» байқауы басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Конкурсқа үздіксіз 5 жылдық еңбек өтілі бар және жоғары жетістік көрсеткен оқытушылар қатыса алады

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының бірінші кезеңі басталды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Конкурсқа ғылыми-педагогикалық салада үздіксіз 5 жылдық еңбек өтілі бар және қызметте жоғары жетістік көрсеткен профессорлық-оқытушылық құрам қатыса алады. 

«Байқаудың мақсаты – ЖОО оқытушыларының кәсіби-педагогикалық мәдениетін арттыру, оқытушылардың одан әрі кәсіби дамуына деген мотивациясын арттыру», - делінген хабарламада. 

Конкурс екі кезеңнен тұрады: 2020 жылдың 12-30 қарашасында жоғары оқу орындағы кезең; 2020 жылдың 4-15 желтоқсанында республикалық кезең. 

Конкурсқа құжаттар universitycontest.iac.kz ақпараттық жүйесі арқылы тапсырылады. Оларды ЖОО қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдерінен тұратын сараптамалық топ мүшелері тексереді. Комиссия сараптама тобының қорытындысы негізінде шешім шығарып, үміткерлердің құжаттамасын республикалық кезеңге қатысуға жібереді.