$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.11.2019, 20:01
Қоғам

Сот шешімі белсенділерді «Nur Otan» туралы жазбаларын теріске шығаруға міндеттеді

Ал, партия мүшелері сот арқылы өндірілген моральдық шығынды қайырымдылыққа жұмсамақ

Бүгін Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының судьясы бір жарым айға созылған азаматтық іске нүкте қойды. Судья Талғат Орынғали негізсіз айыптауларға жол бергені үшін қоғам белсенділері Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетовке қатысты «Nur Otan» партиясынан түскен екі талап арызды да қанағаттандырды.

Алғашқы шағым бойынша партияның іскерлік беделін түсірген үш белсенді 10 күн ішінде әлеуметтік желілердегі парақшаларында «Nur Otan» партиясының «Наше право» саяси ұйымын құруға кедергі келтірді» деген ақпаратты жоққа шығарып, жазба қалдыруға міндетті. Соттың соңғы отырысында партия бірінші шағым бойынша белсенділерден 20 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы арызын кері қайтарып алған еді.

Ал, белсенділердің үстінен сотқа екінші шағымды түсірген «Nur Otan» партиясының мүшелері Тамара Шакирова, Разия Бахыбекова, Ержан Медеуов және Дидар Аққұлов болатын. Сот шешімі партия мүшелерінің талап арызы бойынша моральдық шығынды өтеу үшін айыпталушыларды шағымданушылардың әрқайсына (партия мүшелеріне) 1,5 млн теңгеден (жалпы көлемі – 6 млн теңге) төлеуге міндеттеді. Партия өкілдері өндірілген ақшаны қайырымдылық мақсатқа жұмсайтындарын айтты.

«Сот шешімі бойынша қанша көлемде моральдық шығын өтеуді міндеттесе де, біз оны қайырымдылыққа жұмсаймыз деп шештік. Өйткені, айналамызда көпбаалалы аналар, мүгедектер, ардагерлер, зейнеткерлер сияқты көмекке мұқтаж жандар өте көп. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында көп адамға көмегіміз тиіп, қуантамыз деп ойлаймын. Ал, сот шешіміне келсек, бізді толықтай қанағаттандырады. Енді адамдар негізсіз айыптауды азайтады деп үміттенемін», - дейді «Nur Otan» партиясының мүшесі Тамара Шакирова.

Басқа партия мүшелері де осы пікірді қолдайды. Партияның Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуровтың пікірінше, сот шешімі кейбір белсенділер үшін үлкен сабақ болып, басқа да әлеуметтік желі қолданушылары әр сөзін жауапкершілікпен жазатын болады.

Айта кетейік, белсенділер партия туралы жалған ақпаратты 31 мамырда және 29 тамызда Facebook желісіндегі жеке парақшаларында жариялаған. Заңгерлер мұны «НұрОтан» партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтірді, жалған ақпараттар партия мүшелерінің арасында түсінбеушілікке жетеледі. Сондықтан «Nur Otan» партиясын азаматтарды заң шеңберіңде сотқа беріп, беделін қорғау құқығын пайдаланады» деген болатын.

Аталған белсенділер «Наше право» саяси партиясының тіркелмеуіне «Nur Otan» партиясын кінәлап, негізсіз ақпараттар таратқан. Ал, «Саяси партиялар туралы» заңның 10 бабының 1-ші тармағында саяси партияларды Әділет министрлігі тіркейтіні көрсетілген. «Nur Otan» партиясының өзге партияны тіркеуге немесе тіркемеуге еш қатысы жоқ деп, істі сот арқылы қарастыруға шешім қабылдаған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары