$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.11.2020, 17:33
Қоғам

Талғарда жекенің қолына өтіп кеткен ардагердің зиратын Nur Otan партиясы мемлекет меншігіне қайтарды

Жер телімін жекеменшікке ауданның бұрынғы әкімі берген

Талғарда жекенің қолына өтіп кеткен ардагердің зиратын Nur Otan партиясы мемлекет меншігіне қайтарды

Алматы облысы Талғар ауданында ҰОС ардагері жерленген зират пен оның маңындағы жер телімін экс-әкім жекенің қолына бергенін бұған дейін жазған болатынбыз. Аталған жайт әлеуметтік желіде жарияланып, қоғамда қызу талқыға түскеннен кейін, мәселеге Nur Otan партиясы араласқан. Партиялық бақылау комитетінің отырысынан кейін дауға айналған жер мемлекеттің меншігіне қайтарылатын болды.

Аталған жер телімі колледждің жанында орналасқан. Оның жалпы аумағы 37 сотық болса, экс-әкім соның 8 сотығын жекенің қолына беріп жіберген екен. Ал ол жерде ҰОС ардагері, ақын Алханбек Малькеевтің сүйегі жатыр.

«Жердің иесімен және әкімдіктің өкілдерімен кездестік. Жердің әу бастағы қожайыны қайтыс болып кеткен соң, меншіктік құқық 2012 жылы оның әйеліне өтіпті. Басында балалары өтемақыға басқа аумақтан тегін жер телімін сұраған болатын. Енді кеше олар колледж жанындағы аумақты мемлекеттің меншігіне қайтарғысы келетінін айтты», - деді Nur Otan партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Күрішбеков.

Ұлы Отан соғысының ардагері А. Малькеевтің қабірі орналасқан жерді Талғар ауданының әкімі болған Кенжебек Омарбаев 2006 жылы жеке адамға беріп жіберген. Сол кездегі шенеунік қабірдің орнына кафе, көлік жуу сынды бизнес нысандарын салуға да рұқсат берген. Енді участок әкімдікке қайтарылады. 37 сотық аумаққа Д.Қонаев атындағы саябақ салынбақ. Демалыс орнына айналатын саябақ келесі жылы ашылуы тиіс.

Қазіргі уақытта бұл жерде қураған ағаштардан басқа, жаяу әскер зеңбірегі мен ақынның ескерткіші тұр. Тиісті жұмыстар жердің мұрагерлік иесі саналған Г. Садықова жер телімінен бас тартаныны туралы қолхатты берген соң басталады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары