Алматыда Елбасының өзі ашқан ірі логистикалық орталық Қорғаныс министрлігінің талабымен жабылмақ
Соның салдарынан 1 мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Кедендік рәсімдеу, тауарды сақтау және жөнелту қызметтерін көрсететін логистикалық кешенді 2015 жылы Елбасы – Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі іске қосқан. Орта Азия көлемінде ірі логистикалық орындардың бірі, әрі бірегейі саналатын қос ғимаратта 50-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен тауар қабылдап және жөнелтуге мүмкіндік беретін орталықты салуға Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп, 4,5 миллиард теңге де бөлген. Алайда, арада небәрі бес жыл өтпей 20 мың шаршы метрді құрайтын алып ғимарат қорғаныс министрлігінің талап арызы бойынша сүрілетін болды.
«Кешен жабылса нарықтағы тауар бағасының қымбаттауына да әсер етеді. Себебі, кедендік рәсімдеу, қосымша қоймаға тасу, тауарды біренеше рет түсіріп, тиеу тиеу сынды жұмыстардың бәрі артық шығынды талап етеді. Қазір осындағы қоймада 50-ден астам компанияға тиесілі заттар сақтаулы. Ол компаниялардың дүниесі далада қалады. Олар өздеріне ыңғайлы қойма мен кедендік рәсімдеуді жылдам, әрі таза өткізетін логистикалық орын табуына тура келеді. Бұл логистикалық орталық – халықаралық деңгейдегі толыққанды кешен», - деді Almaty Contract басқарма компаниясының жетекшісі Әсел Сергенова.
Көпфункционалды логистикалық хаб азық-түлік және фармацевтикалық қоймалардың орталығы саналады. Логистикалық кешенның алғашқы құрылысы 2007 жылы басталып, 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшылары» үкіметтік бағдарламасының серпінді жобаларының тізіміне еніп, мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық нысаны саналған. Алайда, 2020 жылдың 27 шілдесінде Алматы қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы логистикалық кешенді үш айдың ішінде бұзу туралы шешім шығарған. Нысан орналасқан жердің қожайыны ретінде сотқа талап арызды ҚР Қорғаныс министрлігі берген.
«Мұндай стратегиялық орындары бұзу дегеніміз мемлекеттік инвестицияларды жою, азық-түлікті, вакцина мен антибиотиктерді жою деген сөз. Қысқа уақыт ішінде мұншама ірі көлемдегі өнімді басқа қоймаларға орналастыру мүмкін емес. Елімізде дәл осы сияқты аса үлкен масштабтағы, әрі дәрілерді сақтауға сай келетін қойма өте аз. Карантин кезеңінде біздің қоймадан көбіне Алматының халқына қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек өнімдері жеткізілді. Бұл қоймаларды жою халыққа қарсы жасалған қастандық», - дейді Әсел Сергенова.
Көпфункционалды «Global Ecological Group Almaty» (GEGA) логистикалық кешені 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған еді. Компания басшыларының сөзінше, кешен ашылған кезде Лондон, Париж, Нью-Йорк және Токио қалаларындағы қоймалармен сәйкес келетін елдегі жалғыз кешен саналған. Әлемнің түкпір-түкпірінен Алматыға тасылып жатқан антибиотик, вакцина, пандемияға қарсы дәрілер мен азық-түліктің 70% осы кешен арқылы өтеді. Нысан 28 қазанға дейін бұзылуы тиіс. Соттың қаулысы жүзеге асса бір мың адам жұмыссыз қалмақ.
«Егер компания жабылса мен несиемді қалай төлеймін? Қайда барам, ұрлық жасайын ба? Зейнетке шығуыма небәрі екі жыл қалғанда мені кім жұмысқа алады? Не істеу керегін білмеймін. Ұрлыққа барудан басқа түк көріп тұрған жоқпын», - деді логистикалық орталықта жұмыс істейтін Галина Краморенко.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 1940 жылдан бастау алған құжаттарға сәйкес, қойма орналасқан жер қорғаныс министрлігінің меншігі саналады. Кеңестік империя күйреп, Түркістан әскери округі таратылғанда әлгі жер де ұмыт қалған. Тәуелсіздіктен кейін жасалған құжаттың негізінде 2005 жылы «Global Ecological Group Almaty» ЖШС 15 га жер учаскесін қала әкімдігінен 129 078 900 теңгеге сатып алған.
«Қазіргі қолданыстағы мемлекеттік орган – Алматы қаласы әкімдігінің тағы бір құжаты бар. Әкімнің 2005 жылғы 28 қарашадағы N5/726-1660 қаулысы негізінде «Global Ecological Group Almaty» ЖШС-не 15 гектар жер учаскесі берілді. Сонымен қатар, бұл жер учаскесі бұрын Қорғаныс министрлігінің мұқтаждығы үшін берілген жердің бір бөлігі болғаны туралы ешқандай дәлел жоқ. Жер геодезисінің қорытындысына сәйкес, «Global Ecological Group Almaty» ЖШС-не берген жер учаскесі Қорғаныс министрлігінің нақты жер пайдалану меншігіндегі жер учаскесімен қабаттаспайды. Сондай-ақ, олардың бұл жерді заңды түрде ресімделгенін растайтын құжаттары да жоқ. Айта кету керек, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің шешімімен берілген жер учаскесінің шекаралары мен орналасуы анықталмаған», - делінген Global Ecological Group Almaty» ЖШС таратқан ақпаратта.
Бірақ, мұндай негіздемемен келіспеген Қорғаныс министрлігі логистикалық кешеннің қожайындарын сотқа беріп жеңіп шыққан. Сот 2005 жылы әкімдік пен логистикалық компанияның арасында жасалған сату-сатып алу құжатын заңсыз деп тапқан. Жалпы құны 5,5 млрд. теңгеден асатын хабтың басшылары енді өз еріктерімен уақытылы көшіп үлгермесе, нысан күштеп бұзылады. Басты себеп – қойма әскери ұшақтардың ұшу жолағына жақын орналасқан.
«Қорғаныс министрлігі аталған жер телімінің заңды иесі болып табылады. Бұл жер сонау Кеңес кезінде әскери бөлімді орналастыру үшін бөлінді. Дегенмен, аталған жер телімі басқа тұлғаның иелігінде қалып, дау тудырды. ҚР Азаматтық істері және жер кодексінің нормалары жерді заңсыз иеленген тұлғадан талап етуге құқық береді. Арыз шағым бойынша бірнеше рет сот шешімі шықты. Дегенмен, Алматы соты жерді үш айдың ішінде босатуды және құрылысты бұзу туралы нақты шешімін шығарды. Өткен жылы әсери нысандарға жақын құрылыс салу немесе сол маңдағы нормативтік құқықтық құжаттарды бұзудың соңы неге әкеп соққанына бәріміз куә болдық. Ұшу жолағының маңында заңсыз соғылған тұрғын үй «Bek Air» компаниясы ұшағының соғылуына себеп болып, адамдар қаза болды. Арыс қаласында да тұрғын үйлер қирады. Осы участкеде орналасқан әуе базасы Алматының аспанын, еліміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіне кіретінін атап өткен жөн. Біз бүгінгідей қиын жағдайда бизнесті қолдаудың маңызды екенін түсінеміз. Бірақ елдің қорғаныс қабілетін коммерциялық мүдделерге құрбан етуге болмайды», - деді ҚР Қорғаныс министрлігі заңгерлік департаментінің басшысы Әлжан Ахматуллин.
Логистикалық компания басшылары сот шешімімен келіспей, істі қайта қарау үшін апелляциялық және кассациялық сот алқасына қайта жолдаған. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласының кассациялық алқасы істі қараудан бас тартқан. Яғни, бұл алып қойма бұзылады дегенді білдіреді. Ал, мыңнан астам адамның тағдыры не болары әзірге белгісіз.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы