ШҚО-да коронавирус өршіп тұрса да, танымал балуандар тойда жүр
«Қазақстан барысы» атанған балуандар Семейде өткен тойға қатысты
Әлеуметтік желіде Семей қаласындағы мейрамханалардың бірінде өткен үйлену тойының видеосы тарады. Видеодан қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпаздары – Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновты көруге болады. Сондай-ақ ән салып тұрған танымал әнші Нұрболат Абдуллинді де байқайсыз.
ШҚО Полиция департаментінің өкілдері аталған жағдайға қатысты пікір білдірді.
«7 қарашада сағат 17:30-да арнайы бақылау тобы жүргізген рейд барысында Бегалин көшесінде орналасқан «Салтанат Сарайы» мейрамханасында той өткені анықталды. Қазіргі уақытта ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша материалдар жиналып, процессуалдық шешім шығару үшін қалалық санитарлық-эпидемиялық қызметке жолданды», - деді полицейлер.
Еске сала кетейік, осыдан 4 ай бұрын танымал балуан, Семей көлік колледжінің директоры Айбек Нұғымаров коронавирус жұқтырғанын мәлімдеген еді.