«Екі апта ғана танитын ғашығымды өлтіріп қойдым». Түрмеде отырған әйелдердің дені не үшін сотталады?

Автор: Azattyq Rýhy

Azattyq Rýhy тілшісі СҚО әйелдер колониясында жазасын өтеп отырған сотталушылармен тілдесті 

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда темір тордың ар жағында 1 500-ге жуық әйел түрлі қылмыс бойынша жазасын өтеуде. Олар үшін әр түрлі ұстау режиміндегі 6 колония жұмыс істеп тұр. 

Әйелдердің басым көпшілігі қандай қылмысқа барады, оған не себеп? Azattyq Rýhy тілшісі зерттеп көрді. 

ЕЛІМІЗДЕ 82 ҚЫЛМЫСТЫҚ АТҚАРУ МЕКЕМЕСІ БАР 

Қазақстанда 82 қылмыстық атқару мекемесі бар. Оның ішіне түрлі ұстау жағдайындағы 66 мекеме, 16 тергеу изоляторы, 6 әйелдер және 1 балалар колониясы, сонымен қатар 1 түрме кіреді. 

«Түрлі ұстау режиміндегі 6 әйелдер колониясында 1500-ге жуық сотталған әйел жазасын өтеуде», - деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.

ӘЙЕЛДЕР КОЛОНИЯСЫНЫҢ БІРІ СҚО-да ОРНАЛАСҚАН

СҚО-дағы ЕС 164/6 мекемесінде 230-дан астам әйел жазасын өтеп жатыр. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Рустан Ахметжановтың айтуынша, олардың көпшілігі бірге тұратын ер адамды, күйеулерін, әкелерін өлтіргені үшін сотталған. Одан жеңіл қылмыс жасаған әйелдер әдетте, шартты түрде бас бостандығынан айрылады. 

«Көптеген колонизаторлардың тағдыры ұқсас. Олар қылмыс жасағанға дейін ер адамдар тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Тұтқындардың орташа жасы 30-45 шамасында. Колонияда зейнеткерлер де бар, кейбіреулері қамауда болған кезде зейнетке шыққан», - деді Рустан Ахметжанов. 

ТАНЫСҚАНЫНА 2 АПТА ҒАНА БОЛҒАН ҒАШЫҒЫН ӨЛТІРІП ҚОЙҒАН 

Сотталған әйелдің бірі – Вера. Жасы 43-те. Түрмеде отырғанына 7 жыл болған. Мамандығы – аспаз, елордада ұлымен бірге өмір сүрген. ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы «адам өлтіру» қылмысы бойынша 13 жылға сотталған. 

«Ол кезде жасым 36-да еді. Ұлым, анам және інім бар. Ажырасып кеткенмін. Менде сол кезде бәрі жақсы еді... Сосын өзіммен жасты азаматпен таныстым. Астанада тұратынмын. Танысқанымызға 2 апта ғана өткен соң, өзінің шынайы бейнесін көрсетті. Ол нағыз тиран болып шықты. Балама көз салды. Мені қорқытты. Зорлық көрсетті. Жаңа жыл жақындап қалған, 26 желтоқсан еді. Астанадан 30 шақырым жердегі анамның үйіне құттықтау үшін бардық. Осы бөтен үйде сөйлесіп, екі жаққа кетеміз деп ойладым, өйткені, әлі қосылмаған едік. Анамның үйінде мені зорлады, сосын пышақтағысы келді. Пышақ, шанышқымен қорқытты. Ол сәтті есіме алу сондай қиын... Болған іс болды. Мен қылмыс жасадым. Менде басқа амал болған жоқ. Аянышты жағдайда едім. Мен ол кезде сотталамын деп ойлаған жоқпын. Түрме деген сөздің өзі маған жат еді. Мені соттады, 13 жыл берді», - деген Вера қайғылы жағдайды көзіне жас алып еске алды. 

Вера зорлық көремін деп ойламаған. Өзін қорғап жатып, екі-ақ апта танитын сол бір еркекті тұншықтырып өлтіріп қойған. 

3 БАЛАНЫҢ АНАСЫ ЕСІРТКІ САТАМЫН ДЕП 16 ЖЫЛҒА СОТТАЛҒАН

Ал Ольга үшінші баласы 1 жасқа толмай тұрып сотталып кеткен. Оған себеп – есірткі сатумен айналысқан

«2013 жылы 16 жылға сотталдым. Петропавл қаласының тумасымын. 3 балам бар, тұрмыстамын. Үйде балалар тәрбиесімен отырғанмын. Ақша жетпейтін. Мен бұл қылмыспен аз-ақ уақыт айналыстым. Сондай орта, таныстар пайда болды, есірткі туралы солардан естідім. Ести сала, ақымақтықпен қылмыс жасадым. Қатты өкінемін», - дейді Ольга.

Бұл мекеме Ольга үшін үйіндей болып кеткен. Түрмеде отырғанына 8 жыл болды. Балалары қазір 8, 9 және 13 жаста. Ата-анасы қарауына алған. Ольганың жолдасы да есірткі сақтап, сатқаны үшін сотталған. 

ТҮРМЕДЕ ДИПЛОМ АЛЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ

ҚАЖ мекемелерінде сотталғандардың түзелуіне бағытталған кешенді шаралар жүргізіледі. 

«Әр квартал сайын дәстүрлі түрде бұқаралық мәдени іс-шаралар өткізіледі. Ол КВН, концерттер, мемлекеттік мерекелерге арналған іс-шаралар. Сотталушылардың ерікті ұйымы жұмыс істейді. Ол 4 секциядан тұрады. Мекемеде клуб, бейнелеу өнері шеберханасы, кітапхана, ісмер сабағы бар. Қолданбалы өнер және көркемөнерпаздар секциясы бар. Сотталушылар өз қолымен кішкентай балаларға арналған киімдер тікті. Біз оны бөбектер үйіне жөнелттік. Қайырымдылық жасадық. Ойыншық, киімдер тоқылды. Сотталушыларға бұл шаралар ұнайды», - деді ЕС-164/6 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие, әлеуметтік-психологиялық жұмыс жөніндегі бөлім басшысы, Әділет капитаны Оксана Вышар. 

ПЕТРОПАВЛ КӘСІБИ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИПЛОМЫ КЕЗ КЕЛГЕН ЖҰМЫСҚА ЖАРАМДЫ

Түрмеде отырғандардың білім алуы үшін арнайы ашылған Петропавл кәсіби колледжі қалалық басқа оқу мекемелерімен тең дәрежеде. Ол жерде тігінші, қаптаушы-тақтайшашы, парикмахер мамандығы бойынша білім алуға болады. 

«1 жыл бойы оқыса парикмахер, 2 жыл оқыса визажист-парикмахер мамандығын алып шығады. 30 жасқа дейінгі сотталушылар мектепте, ал дипломы жоқтар колледжде оқиды. Жұмыс істеп, айлық ала алады. Ол ақшаны дүкеннен азық-түлік алуға, балаларына, туыстарына жіберуге болады. Тігінші мамандығын алу үшін де 2 жыл оқу қажет», - деді Оксана Вышар. 

Алғашқы кейіпкеріміз Вера колонияда жұмысқа орналасқан. 

«Колонияда мені жұмысқа орналастырды. Тігінші болып жұмыс істеймін. Әкімшілік қызметкерлері маған жақсы қарайды, жиі әңгімелесеміз. Пандемияға байланысты қысқа, ұзақ кездесулерді скайппен сөйлесуге ауыстырды. Ай сайын ұлыммен, анаммен сөйлесіп тұрамын. Ұлым қазір 24 жаста», - деп әңгімесін түйіндеді ол. 

Жазасын өтеуші Ольга да тігу, тоқумен айналысады. Осы жердегі колледжді 3-разрядтағы тігінші мамандығы бойынша бітірген. 

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ СОТТАЛУШЫЛАР ВИДЕОБАЙЛАНЫС ЖАСАЙ АЛАДЫ

ЕС-164/6 мекемесі басшысының режим-жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, Әділет майоры Қанат Сүлейменовтің айтуынша, коронавирус басталғалы бері қысқа және ұзақ кездесулердің бәріне тыйым салынғандықтан, видео-қоңырау шалуға рұқсат етілді. 

«Сотталғандар туыстарымен аптасына бір рет 15 минут сөйлесе алады. Туыстары мен балаларының өмір сүру қалпы мен жағдайын видео арқылы көре алады. Бірнеше адам жиналып та, сөйлесуге болады. Заң жүзінде осындай өзгерістер енгізілді», - дейді Қанат Сүлейменов. 

Айта кетерлігі, түрмедегі тағам түрі 600-ге ұлғайтылды. Қазір сотталушылар күніне 3 рет тамақтанады: таңғы, түскі және кешкі ас беріледі. 

«Азық-түлікті онлайн сатып алу бойынша жаңашылдықтар енгізілуде. Бұл скайп немесе планшеттің көмегімен жүзеге аспақ. Қазір сотталушылар мекемеде орналасқан дүкенге барып, тамақ сатып ала алады. Азық-түліктің бағасы бухгалтериядан ұсталады. Болашақта бұл онлайн болады», - деді Қ.Сүлейменов. 

Сымбат Ғалымжан, Нұр Сұлтан