«Төрт сынып бірге оқиды». Қазақстандағы 1 мұғалімі мен 6 оқушысы бар мектеп жайында
6 оқушыға ғана сабақ беретін жалғыз ұстаз жұмысының ауыр екенін айтты
Естімеген елде көп. Қызылорда облысында барлық пәннен беретін жалғыз мұғалімі бар, мектеп бар. Ол ол ма, төрт сынып бір кабинетте оқып отыр. Бұл туралы «Астана» арнасы хабарлады.
Гигант ауылдық округіне қарасты Ақтам елдімекеніндегі бастауыш мектепте бар-жоғы 6 оқушы бар. Жалғыз ұстаз жұмысының машақатымен бөлісті.
«Қиындығы, бір сыныпта 1-ден 4-ке дейінгі сыныптар отырады. Қырық минутта бүкіл төрт сыныпқа сабақты сұрап та түсіндіріп те үлгеруім керек. Мен қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, орыс тілі, музыка сияқты негізгі пәндерден сабақ беремін», - дейді Ақтам бастауыш мектебінің мұғалімі Сандуғаш КЕРШЕБАЕВА.
Шиелі ауданынан 15 шақырым қашықтықта жатқан бұл елдімекенде 50-ден аса тұрғын бар. Негізінен, мал шарушылығымен күнелтіп отырған ауыл. Мұндағы білім ордасының салынғанына отыз жылдан асқан. Мұнда балалар бесінші сыныпқа дейін оқиды. Бірақ оқушыларға білім алуға жайлы жағдай қарастырылмаған. Аудандық білім бөлімі аталған мектепті тексеруге уәде етті.
«Алты балаға 4 қызметкер жұмыс істеп, білім беруде. 20 орынға арналған мектеп 1987 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның бір кемшін тұсы – спорттық алаңы жоқ, осы мәселе қарастырылмаған», - деді Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Дәурен НӘСІБЕКОВ.