«Жерімізді қайтарып берді»: Павлодар тұрғындары Алик Шпекбаевқа алғыс айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Балалар стадионының жеріне кәсіпкерлер көпқабатты үй салмақ болған

Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Алик Шпекбаев бірнеше нысанды аралады және жергілікті тұрғындармен кездесті.

№39 мектептің қызметімен танысу барысында Агенттік төрағасы тұрғындардың талап-арыздары мен ұсыныстарын тыңдады. Кездесуде бастамашыл топ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүйесінің атқарған игі қызметі үшін, оның ішінде шағын ауданның көкейкесті мәселесін шешуге, атап айтқанда, жеке тұлғаға тұрғын үй салуға заңсыз берілген стадион телімін мемлекеттік меншікке қайтаруға көмек көрсеткені үшін өңір тұрғындары атынан Алик Шпекбаева алғысын білдірді.

Агенттік төрағасы сондай-ақ, қорғаныс және мемлекеттік кірістер істері жөніндегі өңірлік органдарға барып, есепке алу-шақыру жұмысымен, сондай-ақ салық, кеден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімдерінің толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметпен танысты.

«Әскери бөлімдерде алдын алу шараларын күшейту қажет. Бұл тұрғыда тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет», - деді ол.

Бұдан әрі Агенттік төрағасы Covid-19 емдеуге арналған 200 төсектік модульдік жұқпалы аурулар госпиталінің тұсаукесеріне қатысты.

Сонымен қатар, Антикор басшысы 2018 жылы оның бастамасымен ашылған Павлодар қаласы әкімдігінің «Open Pavlodar» сервис орталығында заманауи стандарттар бойынша мемлекеттік қызмет көрсету жұмысымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Павлодар облысына сапары барысында Алик Шпекбаев әкімдіктер негізінде ашық сервистік орталықтар құруды ұсынған болатын.

Биыл жыл басынан бері «Open Pavlodar» фронт-кеңсесіне 90 мыңнан астам адам жүгінді, оның ішінде 54 741-і мемлекеттік қызмет алып, 35 432 адам кеңес, қаржы институттары мен мемлекеттік емес мекемелердің қызметтерін алды.

«Азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарлану – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды элементтерінің бірі. Бұл тұрғыда мемлекеттік аппаратты парасаттылық, ашықтық және есептілік қағиадалары арқылы трансформациялау маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті агенттік төрағасы.