Жамбыл облысында дүнген ұлтының өкілдеріне қазақ тілі мобильді қосымшамен оқытылмақ
Бұған дейін Қордай ауданындағы дүнген ұлтының өкілдері мемлекеттік тілді үйрететін кадр жоқ екенін айтып шағымданған болатын
Жамбыл облысындағы дүнген этносына қазақ тілі мобильді қосымша арқылы оқытылмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұған дейін Қордай ауданындағы дүнген ұлтының өкілдері мемлекеттік тілді үйрететін кадр жоқтығын айтып, шағымданған еді. Олардың сөзінше, облыстағы басшылар небәрі екі-ақ маманды жіберген. Мемлекеттік тілді үйренуге биылдан бастап ден қойған дүнгендер облыстың кадр мәселесін шеше алмай жатқанын, қоғамдық орта тек 100% дүнгендерден құралғандықтан, қазақ тілін меңгерудің қиындығын айтып көмек сұраған.
Аталған мәселені шешу үшін әкімдік Қордай ауданының орталығынан «Тілдерді оқыту» орталығын ашқан. Бұдан бөлек, «QazOnline» мобильдік қосымшасы әзірленді.
«Мемлекеттік тілді өз бетінше қарапайым деңгейде үйренуге арналған 16 сабақтан тұратын «QazOnline» мобильдік қосымшасы әзірленіп, іске қосылды. Оны тілдерді оқыту орталығы дайындаған. Қосымшаны кез келген ауыл, қала тұрғыны «Play Market» арқылы ұялы телефонына жүктеп алып, пайдалануына болады. Тегін программа арқылы әр адамның өзі жоспар құра отырып, тілді меңгеруіне мүмкіндігі бар. Қосымша авторлары оны қолдану кезінде еш қиындық болмайды деп сендіруде. Аз уақыт ішінде күнделікті өмірде қолданылатын ауызша сөйлеу тілі мен сөз тіркестерін меңгеруге, сөйлем құрауға, қарапайым деңгейдегі жазу дағдыларын үйренуге болады екен. Қосымшада сондай-ақ, өзін-өзі тексеру бөлімі де бар. Әр сабақты қаншалықты меңгергені жөнінде бағалау жүйесі қарастырылған», - деді Жамбыл облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі.
Облыс бойынша дүнгендер тығыз шоғырланған Масанчи, Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр, Қарасу және Бәйтерек ауылдары бойынша жыл басынан 73 топ ашылып, 984 тыңдаушы мемлекеттік тілді оқып жатыр. Бұдан бөлек, аталған елдімекендерде қазақ тілінде тілдесуге мүмкіндік беретін TedX форматында «SÓILE» клубтары ұйымдастырылған.
«Бұған дейін «SOILE» клубының 55 отырысы өтіп, өзге этностардың мыңнан аса өкілі тілдік ортаға тартылды. Қазіргі уақытта тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері аудандарды аралап, қосымша жұмысын түсіндіру бағытындағы жұмыстарды атқаруда. Әлеуметтік жоба аясында тіл жанашырларынан тұратын «Қоғамдық тіл инспекциясы» құрылып, жұмыс жұргізуде. Тіл инспекциясы 10 аудан мен Тараз қаласындағы көрнекі ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің қолдану барысына мониторинг жүргізді. 1021 нысан тексеріліп, 538-ден астам қателік анықталды», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Әмірболат Құсайынұлы