ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 794 адамнан коронавирус анықталды

«Тойсыз да бақыттымыз»: Пандемия кезінде үйленген жас жұбайлардың хикаясы

Пандемия кезінде құндылықтар өзгерді ме?

Фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Пандемия тек экономикаға салмақ салған жоқ. Қазақстанда коронавирус инфекциясы тарап, төтенше жағдай жарияланып, әртүрлі шектеулердің енгізілуі көптеген жанның жеке басына қатысты жоспарын да «бұзды». Кейбірі көптен жоспарлаған саяхатынан қағылды. Бірі үйленіп, дүркіретіп той жасамақ болды. Сүндет той, мерейтой, қыз ұзату сияқты қуанышты көпшілікпен атап өтпек болғандар болды. «Тығылып» той жасап жатқандар да , «жасырын» құдалық өткізгендер де кездесті.

Дегенмен, үйлену тойы осы пандемияға тұспа-тұс келген кейбір жас жұбайлар карантин талаптарына мойынсұнып, дүркіретіп той өткізбей-ақ некесін қидырып, үлкен өмірге қадам басуға мәжбүр болды. Сондай жас жұбайлардың біразы  Azattyq Rýhy тілшісіне бастан өткізген қызықтарын айтып, «шағын» тойдың қалай өткенін баяндап берді.

«ТОЙ КАРАНТИН АЯҚТАЛҒАН СОҢ БОЛАДЫ»

Пандемия тұсында отау құрып, тек беташар өткізген жұптардың бірі – Ақмола облысы Бұланды ауданы Макинск қаласының тұрғындары Кенесары мен Аитина.

«Екі тараптың рұқсатын алып, бір шаңырақ астында тұрып жатқанымызға 4 айдан асты. Қыз бен жігіт ретінде екі жылдай сөйлесіп, сосын бірге тұруға шешім қабылдадық. Неке қию рәсімі карантин уақытымен тұспа-тұс келгендіктен, ата-анамыз өзара кездесіп, ақылдасты. Беташар өтті. Карантин аяқталғаннан кейін үлкен той жасауды жоспарлап отырмыз. Себебі, жолдасым екеуміз де үйдің тұңғышымыз. Ата-анамыздың алғашқы қуанышы біз болғандықтан, міндетті түрде ағайын-туыстың басын қосамыз деп шештік.

Аитинаның айтуынша, той мәселесіне келгенде қазіргі жастардың ойы екіге жарылған. Бірі дүркіретіп той өткізгенді қаласа, енді бірі оның орнына саяхатқа шыққанды жөн көреді.

«Жолдасым екеуміз бұл пікірмен келіспейміз. Себебі, қуанышты көппен бөлісіп, олардың жүрекжарды тілегін есту қазақтың қанына сіңген. Өмірде бір-ақ рет болатын сәтті салтанатты түрде, есте қаларлықтай етіп өткізу керек. Саяхатқа кейін де бара беруге болады», - деп ой бөлісті.

Жас жұбайлар карантин аяқталған соң ысырапшылдыққа жол бермей, орташа деңгейде той жасамақшы. Себебі, коронавирус індеті көпшілікті үнемдеуге үйреткен.

«Әр нәрсенің қадірін түсініп үйрендік. Оңды-солды жүре бермей, жинақы, таза тұруға дағдыландық. Осындай қиын кезеңде шектеуге қарамастан «тығылып» той жасап жатқандар жайлы да естиміз. Өз басым мұндайды ақымақтық санаймын. Біріншіден, ол – денсаулыққа немқұрайлы қарау. Екіншіден, «біреу үстімізден түспесе екен, ұстап алмаса екен» деп үреймен той өткізгеннің несі жақсы?! Жасырын той жасағандар айыппұл төлеп, шығынға батып, берекесі қашуда. Сол себепті, жас отбасылар карантиннің бітуін күтіп, барынша сабырлы болғаны жөн деп есептеймін. Ең бастысы, сүйікті жарыңыз жаныңызда. Бұдан басқаның бәрі маңызды емес», - деп түйіндеді ол сөзін.

«ТОЙ ЖАСАУ МЕН ОТБАСЫЛЫ БОЛУ – ЕКІ ТҮРЛІ МӘСЕЛЕ»

Үйлену тойы карантинге тап келген тағы бір жұп – Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қызбел ауылының тұрғындары. Биыл отау құрған Жанболат пен Айгерім ешкімге зияны тимес үшін шағын ортаға той жасаған.  

«Биыл мен үшін және отбасым үшін түрлі жаңалықтарға толы болды. Пандемияға қарамастан жолдасым екеуіміз үйленеміз деп шештік. Әрине, шешім қабылдау оңайға соқпады. Ата-аналарымыз әдеттегідей дүркіретіп той жасай алмайтынын түсінді. Ең басты мақсат – ешкімге зиян тигізбеу болды. Сөйтіп, тек жақындарымызды жинап кішігірім той өткіздік. Жалпы, отбасын құру мен той жасау екі бөлек дүние екенін жақсы түсіндім. Карантиннің нәтижесінде көбі осындай пікірге келді деген ойдамын. Бірнеше жылдарға несие алып, қымбат көлік пен тойхана жалдаудан бас тартып, оның орынына отбасымыздың болашағы үшін инвестиция салуға бел будық», - дейді Айгерім.

Айгерім де басқа қыз-келіншектер секілді керемет той өтіп, ақ шағаладай әппақ той көйлегін кигісі келген. Той көйлегімен тойға жиналған дүйім жұрттың алдына шығып, көптің ықыласына бөленгісі келген.

«Дегенмен, жолдасыммен ақылдасып, ойымыз бір жерден шықты. Бұл шешімге (инвестиция) қуанбасам, еш өкінген жоқпын. Отбасылы болғалы әрбір күніміз қызыққа толы деп айтуға болады. Себебі, алғашқы кезде бәрі таңсық. Фотосессия жасадық. «Қалыңдық көлегін» кию деген арманыма қол жеткіздім. Тойымызды тек ет жақындарымызбен атап өттік. Алдымен «сырға салу» рәсімі өтті. Сосын құдалық болды. Ертесіне беташар болып, ата-анамыздың батасын алдық. Карантиннің қатаң талаптары бізді үнемшіл, қанағатшыл болуға үйретті. Әр нәрсенің өлшемі мен шегі болатынына көзімізді жеткізді», - деп ағынан жарылды Айгерім.

«ЖОСПАРЛАНҒАН ТОЙДАН БАС ТАРТУҒА ТУРА КЕЛДІ»

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында отау құрған жас жұбайлар – Әзиз бен Балнұр тойын 22 наурызға белгілеген екен. Тіпті, шақыру билетін де үлестіріп қойған.

«Той өткізе алмадық. Жолдасым екеуіміз тойымызды тағатсыздана күткен едік. Көйлек сатып алып, шаш үлгісін таңдап, алдын ала салонға жазылып, ертегідей болып елестеген ерекше күнге әзірлендім. Өкінішке қарай, жағдай солай болды. Көңіліміз түсті. Ата-анамыз мұңайғанымызды байқап, «Есік алдында болса да той жасап берейік» деген ұсыныс тастады. Одан бас тарттық. Той болмаса да, құдалық өтті.  

Оңтүстік өңірде көбіне үлкен той жасалып, туған-туыстың бәрі түгел шақырылады. Карантинге байланысты кімді шақырарымызды білмей абдырап қалғанымыз бар. Көптен күткен той, бәрін шақырғанға, 30 адамнан аспасын деген мемлекеттің бұйрығы бар. Сол үшін күндіз үлкендерді шақырсақ, кешке жастарға арнап шағын отырыс ұйымдастырдық. Тойымыз шағын форматта өтті», - дейді Балнұр.

Қазір Әзиз бен Балнұр Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Жақында екеуі ұлды болған.

«Дүниеге келген сәбиім бәрін ұмыттырып жіберді. Дүркіретіп той жасамасақ та, бұл жыл мен үшін бақытты сәттерімен есте қалды», - дейді Балнұр.

«УАҚЫТЫНДА БОЛМАҒАН СОҢ МӘНІ ҚАЛМАДЫ»

Қостанай облысының (Алтынсарин ауданы Обаған ауылы) тұрғындары – Ерболат пен Айткүл де осыдан 5 ай бұрын отбасын құрмақ болған.

«Пандемия кезінде той болмағанына көңіліміз түскен жоқ. Әрине, басында қызық сезім болды. Барлық жер жабық, көп адам жиналуға болмайды. Содан тек беташар жасап, ең жақын туған-туыстың арасында құдалық рәсімі өтті. Осылайша, отбасылық өміріміз басталып кетті. Жолдасым екеумізге той маңызды болған жоқ», - дейді Айткүл.

Айткүл бақытты болу үшін дүркіретіп той өткізу міндетті емесін айтты.

«Әр дүние өз уақытында болмаған соң, кейін қызығы да, мәні де қалмайды. Пандемия аяқталса да той жасау ойымызда жоқ. Қазір той жасау да қалтаға салмақ салады. Аста-төк той жасаудың қажеті жоқ деп есептейміз. Бар мақсатымыз – құрған отбасымыздың діңгегін берік қылып, үй болып кету. Пандемия басты байлық – денсаулық, ең үлкен құндылық – отбасы екенін түсіндірді. Індеттен аман-есен құтылып, баяғы қалыпты тіршілігімізге қайта оралсақ деймін»,- дейді Айткүл.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан