Рудныйда 50 жастағы ер адам алғаш рет жеке куәлігін алды
Осы уақытқа дейін құжатсыз жүрген тұрғын енді әлеуметтік және медициналық қызметтерді ала алмақ
Қостанай облысының 50 жастағы тумасы алғаш рет жеке басын куәландыратын құжат алды. Пробация қызметінің қызметкерлері мен Рудный Полиция басқармасының көші-қон қызметімен бірлесіп сотталушыға құжаттарды ресімдеуге көмектесті. Бұл туралы облыстық Полиция департаментіің баспасөз қызметі хабарлады.
1970 жылы туған ер адамның айтуынша, өмірінде болған қиын жағдайлар оның ең маңызды құжатқа қол жеткізуіне мүмкіндік бермеген.
Осы уақытқа дейін жеке куәліксіз жүрген тұрғын енді маңызды қызметтерді, оның ішінде әлеуметтік және медициналық қызметтерді ала алатын болды.
«Тұрғылықты жері бойынша құжаттандыру және тіркеу жұмыстары толық көлемде жүргізілді, нәтижесінде сотталған азамат көптен күткен жеке куәлігін алды», — деді қалалық пробация қызметінің бөлім бастығы әділет майоры Азамат Бекішев.
Тұрғын пробация қызметі мен көші-қон полициясының қызметкерлеріне көмек көрсеткені үшін алғыс айтып, жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта пробация қызметі жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп оны жұмысқа орналастыру мәселесін қарастырып жатыр.