Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-департаментінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров Қазақстандағы пара беру мен алудың ерекше тәсілдері туралы айтып берді
Мысалы, Қарағанды облысында АК-159/5 абақтысы бастығының орынбасары М.Курков түрмеде отырған адамның «еркін жүріп-тұруы» үшін 200 мың теңге көлеміндегі параны «Олимп» букмекерлік кеңсесінің логині арқылы алған.
Журналистер бұған байланысты «Олимп жеке кабинетінен ақша шешкенде оның 50%-ын ұтысқа тігу керек. Сонда бұл жағдайда пара қалай түгел алынған?» деген сұрақ қойды.
«Мұндай жағдайларда логинмен кірген адам ақшаны үлкен емес ставкаларға қойып, шығарып алады. Ал біз айтып отырған азаматтың ұтысқа тіккен-тікпегенін білмеймін», - деп жауап берді аға тергеуші.
200 мың теңге көлемінде пара алған түрме қызметкеріне 12 млн теңге айыппұл салыныпты.
Осы жылдың шілде айында Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі М.Мұстафин кәсіпкердің бірінен 3 сиыр, 2 жылқы алғаны үшін 3 жылға сотталған. Әкімге 650 мың теңге ақшалай да сыйақы берілген.
«Осылайша, оның алған парасының жалпы құны 2 млн 1 жүз мың теңгеге бағаланды. Параны кәсіпкерлер 300 гектар ауыл шаруашылығы жерін жалға алу үшін берген. Іске қатысы бар әкімнің орынбасарына 4 млн 208 мың теңге көлемінде айыппұл салынды»,- деді Д.Бегайдаров.
Ал Солтүстік Қазақстанда А.Исраилов есімді азамат біреуге мүгедектік туралы анықтама істеп беру үшін телефонына 25 мың теңге бірлік салдырған.
2017 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Мақаншы полициясы бөлімінің бастығы Әкімбаев параға балық алған. Соның есебінен мыс ұрлаған ұрылардың қылмысын жасырып қалған. Полиция бастығына осы әрекеті үшін 450 мың теңге айыппұл салыныпты.
Оқи отырыңыз: Kaspi Gold арқылы пара алатындар көбейген
Д.Бегайдаоров 2017 жылы кәсіпкерден тыңайтқыш ретінде қолданылатын мал тезегін сұраған әкім туралы жағдайды еске алды. Аталған оқиға БАҚ-та кеңінен жазылған еді.
Ол кезде Атырау облысы, Ақсай ауылының әкімі Д.Досқалиевтен жеке кәсіпкер үй салу үшін жер сұраған. Кәсіпкердің тыңайтқыш сатумен айналысатынын білген әкім одан 300 қап мал тезегін сұраған. Оның құны 206 мың теңгеге бағаланыпты. Сот Досқалиевқа 6,2 теңге айыппұл салып, мүлкін тәркілеген. Оған қоса мемлекеттік қызмет істеу құқығынан айырды.
«Параны қымбат гүлқойғыш түрінде, жиһаз түрінде, қымбат бұйымдар, металл түрінде алатындар жиі кездеседі. Мұндай жағдайлар көбіне аудандарда, ауылдарда болады. Ал қалада қолма-қол емес жолмен пара ұсыну жиі кездеседі», - дейді Д.Бегайдаров.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан