Дубай-Ақтау бағыты бойынша тұрақты рейстер ашылады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан мен БАӘ авиациялық билігі арасында келіссөздер өтті. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлайды

Фото: ашық дереккөзден

2019 жылдың 13-14 қараша күндері Қазақстан мен БАӘ авиациялық биліктері арасында келіссөз жүргізілді. Келіссөзге «Fly Dubai», «Emirates Airlines», «Etihad Airways», «Air Astana», «SCAT» әуе компанияларының, сондай-ақ Қарағанды және Алматы қалаларының әуежайларының өкілдері қатысты.

«Келіссөздер нәтижесінде екі елдің тағайындалған тасымалдаушыларына Қазақстанда енгізілген 5-ші «әуе еркіндігін» ұсынатын «ашық аспан» тәртібі аясында тұрақты рейстерді орындау үшін құқықтық база бекітілді. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, БАӘ-нің тасымалдаушылары Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларынан тұрақты әуе тасымалдарын орындауға мүмкіндік алды», - делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.

Сондай-ақ БАӘ әуе компаниялары Дубай-Ақтау бағыты бойынша тұрақты ұшуларды орындауды жоспарлап отыр. «Emirates Airlines» әуе компаниясының 2021 жылы жаңа А330 және А350 әуе кемелерін алғаннан кейін екі ел арасында тікелей тұрақты рейстер ашу жоспарында бар.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстер санына шектеулерді алып тастауды және шетелдік әуе компанияларына 5-ші әуе еркіндігін ұсынуды көздейтін «ашық аспан» режимі енгізілді. Жақында «Ашық аспан» режимі 3 жылға дейін ұзартылды.