Алматыда «алаяқ» деп айыпталған мектеп директоры әділетсіздіктің құрбаны болдым дейді
Оның қорғаушысы тергеудің дұрыс жүргізілмегенін айтып отыр
Алматыда мектеп директоры тексерушілерге «ауызбастырық» беріп, ісін жасырмақ болды және алаяқтық жасады деп айыпталған Алматы қалалық №17 орта мектеп-интернатының директоры Серік Қалиевке қатысты сот тергеуі қайта жандануы мүмкін. Күдіктінің адвокаты тергеушілер де, соттағы мемлекеттік айыптаушылар да бір жыл бойы істі созбаққа салып келді деп есептейді. Себебі педагогтің кінәсін дәлелдейтін айғақтар жеткіліксіз көрінеді.
Оқи отырыңыз: Мектеп директоры «ауызбастырғы» беремін деп алаяқ атанған ба?
Адвокат Алмагүл Мусина Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында осы күнге дейін тергеу органдарының жіберген қателіктеріне назар аударды. Ал іс сотқа түскенде процессуалдық прокурордың сотқа дайындықсыз келетінін және осымен мемлекеттік айыптаушының үш рет ауысқанын айтады. Қорғаушы жақында бұл заңбұзушылықтарды тізіп, елдің Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтің атына хат жазған.
«Бұл істің басталғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Қалиев күдікті ретінде ұсталғанда барлық құжаты, банктік карточкалары және көлігіне дейін тәркіленіп алынды. Ол қазір сот аяқталғанша үйқамақта болғандықтан, жеке мүліктері өзіне керек. Сотталушының мүлкі тек сот шешімімен ғана алынады деген заң бұрмаланып отыр. Бұл тергеушілердің қателігі.
Ал қылмыстық іске келетін болсақ, Серік Қалиевтің қылмысқа қатыстылығы туралы бірде-бір дәлел жоқ. Тергеушілер Наркес Мәмедова есімді әйелдің ауызша жауаптарына сүйеніп отыр. Оның өзі істі болып жатыр. Айтқандары бір-біріне қарама қайшы. Ал жәбірленушілер, оның ішінде Мақашева есімді жәбірленуші де мектеп директорына қатысты шағымынан бас тартып, оны босатуды сұрап отыр», - дейді А. Мусина.
Суретте: Серік Қалиев
Оқиға былтыр күзде болған. Алматы қалалық білім басқармасына қарасты №17 мектеп-интернаттың директоры Серік Қалиевке Наркес Мамедова есімді әйел келіп, оның үстінен бөтен біреулердің шағым жазғанын айтады. Ол жақында Бас прокуратураның қарауына баратынын мәлімдеген. Осы мектеп-интернатта әлгі әйелдің туыстарының баласы оқығандықтан, директор оның сөзіне сенеді. Білім ошағына тексеру келетінін ескерткен әйел алдау, арбау жолымен мектеп басшысынан 6 млн. теңге ақша алған.
Серік Қалиев көп ұзамай өзге әріптесі, Алматы қаласындағы «№2 арнаулы (түзету) мектеп-интернаты» КММ-нің директоры Бақыт Ермековаға тексеру келе жатқанын ескерткен. Бұл мектеп-интернат директоры да Наркес Мамедоваға 5 млн теңге көлемінде «ауызбастырық» береді. Алайда, алданғанын түсінген ол құзырлы органдарға шағымданған. Көп ұзамай алаяқтық күдігімен Наркес Мамедова қамауға алынады. Оның берген түсінігімен әріптесін ескерткен №17 мектеп-интернатының директоры Серік Қалиев те «сыбайлас» деп күдікке ілінеді. Ол да көп ұзамай қамауға алынады.
Айта кету керек, қылмыстық істегі сұрақ-жауапта тексерушілерге ақша беру идеясын ұсынған Наркес Мамедова өзін «қалалық прокуратурада жұмыс істеймін» деп таныстырғаны белгілі болды. Ол кейде «құрбандарына» Медеу аудандық салық инспекциясында жұмыс істеймін деп те айтатын көрінеді. «Оның алаяқ екенін білмей мектеп директоры ақша берген. Ол Серікке бас прокуратураға онлайн арыз кетіп барады, соны тез жаппасаң сотталасың деп алдап, сеніміне кірген», - дейді сотталушының өкілі.
Суретте: адвокат Алмагүл Мусина
«Қазір сот тергеуі аяқталып жатыр. Мен прокуратураның әрекетін түсіне алмай отырмын. Қылмыстық іс тергеліп, прокуратураға түскен соң, мемлекеттік айыптаушы онымен жіті танысып, оны сотқа жіберу-жібермеу жағын шешеді. Бостандық аудандық прокуратурасы істі сотқа жолдады. Алайда, сот тергеуінде де Қалиевтің кінәлі екенін дәлелдейтін айғақтар айтылған жоқ. Соған қармастан, процессуалдық прокурор менің қорғауымдағы экс-директорға 4,5 жыл жаза сұрап отыр. Не үшін? Ал осы былықтың басы-қасында жүрген нағыз күдікті Наркес Мамедоваға 4 ай мерзім сұрап отыр. Әділеттілік қайда? Мемлекеттік айыптаушылар тарапынан процессуалдық құқық бұзушылыққа қоғамның және Бас прокурордың назарын аударғым келеді», - дейді күдіктінің қорғаушысы.
Адвокат бүгін қалалық прокуратураның азаматтарды қабылдау орталығына барып, шаһар прокурорының атына да өз шағымын қалдырып, жеке қабылдауын сұрады. БАҚ өкілдеріне Алматы қаласы прокурорының көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Кенесары Бағбанұлы сот өндірісі аяқталғанша қандайда бір пікір білдіруге мемлекеттік айыптау органдарының құқығы жоқ екенін айтты.
«Қазір бұл іс сот өндірісінде қаралып жатыр. Сот ісі және мәртебесі туралы заңның 1-бабының негізінде біз оған пікір білдіре алмаймыз. Соттың үкімі немесе қаулысы шығып, заңдық күшіне енген соң ғана айта аламыз. Сот барысында тараптар өз дәлелдерін келтіреді. Соның негізінде сот тиісті процессуалдық шешім қабылдайды», - деді прокуратура өкілі.
39 жастағы экс-директорға алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен иемдену деген айып тағылған. Ол қазір үй қамаққа шығарылған. Бостандық аудандық сотында келесі сот отырысы биыл 26 қазанда өтеді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы