$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.10.2020, 10:42
Қоғам

СҚО-да ауыл тұрғындары кәсіпкерден жерін ала алмай жүр

Жергілікті әкімдік кәсіпкердің ісіне араласа алмаймыз деді

СҚО-да ауыл тұрғындары кәсіпкерден жерін ала алмай жүр
Фото ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында Аққайың ауданы Қиялы ауылының тұрғындары «Агро-10» компаниясымен келісімшарт жасасып, өз үлестерін пайдалануға берген. Жер телімдері үшін төленетін ақыға көңілі толмаған халық, басқа шаруашылықпен келісім жасамақ. Алайда, серіктестік басшылығы мүлікті банкке кепілге қойып, несие алған. Соның салдарынан ауыл жұртшылығы өздерінің жер үлесіне қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ХАЛЫҚ ЖЕРДІҢ КЕПІЛГЕ ҚОЙЫЛҒАНЫН БІЛМЕГЕН

Осыдан 10 жыл бұрын Қиялы ауылының 300-ге тарта тұрғыны өздерінің жер телімін жергілікті кәсіпкерге сеніп тапсырған. Бастапқыда берілген уәдеге сәйкес, серіктестік елдімекен жұртшылығын белгілі мөлшерде қыс мезгілінде малға азық болар жем-шөп және ұнмен қамтамасыз етуі тиіс еді. Алайда, кәсіпкер сөзінде тұрмаған. Көпшіліктің айтуынша, серіктестік тарататын өнімдер тұтынуға келмейді.

«Серіктестікпен арадағы келісімге сай, олар бізге жыл сайын бір тонна шөп, дәл осынша көлемде жем және екі қап ұн беруге міндеттелген еді. Бірақ бұл талаптар ешқашан дұрыс орындалған емес. Жем мен шөп беріледі, бірақ сапасы өте нашар және аз. Көгеріп, шіріп қалған қалдықтарды бізге итере салады. Ұны да қапқа толар-толмас. Кәсіпкер жерімізді пайдаланып, табысқа кенеліп отырса да, ауыл үшін бір тиын қаржысын шығындағысы келмейді. Жол жөнделмейді. Елдімекеннің инфрақұрылымының жағдайын көтеру мақсатында түк істеліп жатқан жоқ. Одан да өзімізге пайдасы тиер азаматқа жер үлесімізді беруді ұйғардық. Бірақ жеріміз кепілге қойылып, несие рәсімделген», - дейді Қиялы ауылының тұрғыны Валентина Стеблянка.

МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАН КӘСІПКЕРДІҢ ІСІНЕ АРАЛАСА АЛМАЙДЫ

Жер иелері былтыр болған жағдайды биыл біліп, жағасын ұстаған. Ашулы бұқара енді өз жерін де қайтара алмай отыр. Мәселені арқалап, Аққайың аудандық әкімдігі мен заңгерге барған. Алайда, билік органы жағдайды сырттан бақылаумен шектеліп отыр. Себебі кәсіпкер құзырлы органдарға шағымданса, шенеуніктер жауапқа тартылуы мүмкін. Сондықтан даулы іске қатысты әзірге ешкім мардымды жауап бере алмады.

«Бұл мәселе бойынша серіктестік жетекшісімен сөйлестік. Жалпы аумағы 6500-ден астам гектар, оның ішінде егістік, жайылымдық жерлер бар. Барлығы 292 пай иесі биыл тиісті ақыларын алған. Жазда ауа райы егістікке қолайсыз болғанына қарамастан, шаруашылық жақсы өнім жинапты. Келер жылы дивидендті арттырмақ. Биыл серіктестік өткен жылдармен салыстырғанда жақсы төлем жасады. Қиялы ауылындағы жер мәселесін біз білеміз. Тек мемлекеттік орган ретінде кәсіпкердің ісіне араласуға әкімдіктің құқығы жоқ. Халық сотқа шағымдана алады. Біз оларға тығырықтан шығар жол сілтеп, ақыл-кеңес қана бере аламыз. Әр серіктестікте халық арасынан сайланған сенімді тұлғалар бар. Олар басшылықтан төлемнің есептелуі, егін шығымдылығы сынды мәселелерді біле алады. Бұл ақпаратты көпшілікке жеткізуі тисі. Кәсіпкер банкке кепілге қоймас бұрын жиналыс құрып, пай иелерінен рұқсат алуы керек еді. Егер несие төленбесе, иелері өз жерлерінен айрылып қалады. Кепіл келісімшартының күшін сот шешімімен жою керек. Жерді пайдалану құқығы кепілге беріледі», - дейді Аққайың аудандық жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Ермек Сопаяқов.

СЕРІКТЕСТІК ЖАУАП БЕРУДЕН ЖАЛТАРЫП ОТЫР

300-ге жуық адамның жартысы өз үлесін алмақ ниетте, олардың иелігінде 2,5 мың гектар жер бар. Қалғандарының басым көпшілігі серіктестік жұмысшылары. Тұрғындар жылжымайтын мүліктің қанша бөлігі банк кепілінде тұрғанынан беймәлім. Басшылық мардымды ақпарат бермей отыр.

«Мен бұл компанияда екі-ақ жыл жұмыс істеймін. Кәсіпорынның қарамағындағы жерлердің кепілдікте тұрғаны-тұрмағаны жөнінде түк білмеймін. Бұл мәселемен біздің заңгер айналысады», - деп қысқа қайырды «Қиялы агро-10» ЖШС атқарушы директоры Николай Сафронов.

Петропавлдық заңгер Светлана Андрейчуктың айтуынша, тұрғындардың жерді қайтаруға мүмкіндігі бар. Бірақол үшін біраз уақыт пен қаржыны сарп етуге тура келеді.

«Жерді кепілдікке қойып, банктен қарыз алмас бұрын серіктестік мүлік иелерін жинап, бұл мәселені кеңеске салуы шарт. Одан кейін көпшіліктің келісімімен сенімхат алуы тиіс. Егер бұл талаптар орындалмаса, сот арқылы жылжымалы мүлікті кепілдікке қою туралы келісімшарттың күшін жоюға болады», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы Қорғаушылар алқасының адвокаты Светлана Андрейчук.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, сенімхатқа басым көпшілік қол қоймаған. Ал мұндай келісім жасасқандары оның күшін жоймақ ниетте. Көпшіліктің ендігі әрекеті – сотқа шағымдану. Ал заңгер мамандардың айтуынша, жер телімдерін иелеріне қайтару процесі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Ал серіктестік көпшілікке мардымды мәлімет бермей отыр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары