$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.10.2020, 09:57
Қоғам

Көкшетауда 8 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекен қоқысқа «көміліп» жатыр

Қоқыс шығарумен айналысатын компания бұған тұрғындардың өздерін кінәлады

Көкшетауда 8 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекен қоқысқа «көміліп» жатыр

Көкшеліктер «Шанхай» атап кеткен Застанционный кентінде қоқыс мәселесі жылдар бойы қордаланып келеді. Тіпті, қаланың бұл ауданында бірде-бір қоқыс тастайтын контейнер қалмаған. Жергілікті тұрғындар билік өкілдерімен аталған мәселе бойынша бірнеше мәрте кездесіпті. Алайда, ол кездесулер ешқандай нәтиже бермеген.

Коммуналдық кәсіпорындар бұл аудан тұрғындарының миллиондаған қарызы болғандықтан, қоқыс тасымалдаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Салдарынан, «Шанхайдағы» көшелер қазір тұрмыстық қоқысқа көміліп жатыр.

«Мұндағы қоқыстың иісіне адам шыдай алмайды. Бір айдың ішінде әбден иістеніп, көңірсіген лас иістен үйдің терезесін аша алмайтындай күйге жеттік. Тұрмыстық қоқыспен қатар үйлердің арасында құрылыс қалдықтары, өлген малдың өлекселері толып жатыр. Қазіргі күрделі жағдайда бұл антисанитариядан түрлі аурулар тарап кетпеуіне кім кепілдік береді? Көшелердің арасы стихиялық үйінділерге толып кетті. «Көкше Тазалыққа» қарызымыз жоқ. Алайда, қарыздарын уақытында төлемейтін адамдар үшін бәріміз бірдей жапа шегіп отырмыз. Көлігі барлар қоқысын қалаға апарып контейнерлерге тастайды. Ал көлік жоқтығынан қолымыздағы пакетпен автобуспен қоқыс тасыған кезіміз де болды», - дейді елдімекен тұрғыны Тамара Вьюшкина.

Ал бұл ауданда қоқыс тазалауға келісімшартқа отырған «Көкше Тазалық» коммуналдық кәсіпорны тұрғындардың қарызы 9,5 миллионнан асып жығылғандықтан, осындай қадамға барғандарын айтады.

«Застанционный кентіндегі жеке тұлғалардың қоқысын 2017 жылдың мамырынан бері шығарып келеміз. Осы уақыт ішінде мұндағы жұрттың қарызы 9 миллион 535 мың теңгеге жетті. Сондықтан 1 қыркүйектен бастап қоқыс шығаруды тоқтатуға шешім қабылдадық. Техника, жанармай бағасы қымбат болғандықтан осылай етуге мәжбүрміз. Тұрғындардың көпшілігі қоқыс үшін ақшасын төлемейді. Тіпті, ақша жинауға барған қызметкерлерімізді айтақтап ит қосып, үйлеріне кіргізбейді. Тұрғындардың тек бес пайызға жуығы ғана ай сайын уақытында төлем жүргізсе, қалғаны айлап-жылдап төлемей келеді», - деп шағымданды «Көкше Тазалық» коммуналдық кәсіпорнының жетекші заңгері Әлия Әудешева.

Оның айтуынша, мұндағы тұрғындар қоқысты сұрыптамайды екен. Кейде контейнерлердің өртеніп кеткен кездері де болған. Мұның бәрі қып-қызыл шығын.

«Қоқыс контейнерлерін тұрмыстық қалдықтардан бөлек, малдың тезегі, отын-көмірдің күлі, құрылыс заттары, ескі жиһаздар, тіпті өлген мал мен иттің өлекселерімен толтырып тастайды. Қоқысты шығарған кезде жұмысшылардың үстіне құйылған кез де аз болмады. Бұдан бөлек, үнемі қоқыс контейнерлері жанып кетіп, қоқыс таситын көліктерден де өрт шыққан оқиғалар болды. Тұрғындардың 70 пайыздан астамы жекелей келісімшарт жасаудан бас тартты. Ал үйлерде нақты қанша адам тұратынын білу үшін ішіне кіру мүмкін емес: есіктерін ашпайды, тіпті өзімізге дүрсе қоя беретін кездер де болады», - дейді тазалық компаниясының өкілі.

Ол тұрғындардың өздері келісімшарт жасасудан бас тартатынын да алға тартып отыр. Келісім болмағандықтан жұрттан төлем өндіру, айыппұл салу мүмкін емес дейді заңгер.

«Біз үйілген қоқыстарды бірнеше мәрте тегін де тасып бердік. Ал оның кім тастағанын анықтау мүмкін болмағандықтан әкімшілік айыппұл сала алмайсың. Кент тұрғындарымен қала әкімінің орынбасары Уақыт Бейсембаев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Юрий Шидловскийдің қатысуымен өткен жиында қоқысты шығарудың екі әдісімен келісімшарт жасау туралы шешім қабылданған. Біріншісі – қоқысты контейнерлерге салмастан жинау және екіншісі – өз контейнерлерінде жинау. Біздің қызметкеріміз келісімшарт жасау үшін барды. Бірақ тұрғындар келісімшарт жасаудан бас тартты. Қазіргі уақытта қала әкімдігінің тапсырмасы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен келісімшарт жасасу процесі жүріп жатыр», - дейді Әлия Әудешева.

Аталған мәселе бойынша қала әкімдігіне хабарласып көрдік. Қала әкімінің орынбасары көпқабатты тұрғын үйлермен мәселе жақында шешілетінін жеткізді.

«Тұрғындармен алғашқы кездесуде қоқысты контейнерсіз тасымалдау әдісі ұсынылған. Біз көшелерде қоқысты қаптап жиналуына қарай тасымалдайтындай етіп келістік. Бірақ бұл да өкінішке қарай, орындалмады. Қазіргі уақытта тұрғындармен бірде-бір келісімшарт жасалмаған. Соған қарамастан көпқабатты үш үйдің жанына контейнерлер қоюға шешім қабылданды. «Көкше Тазалық» коммуналдық кәсіпорны заңгерлері мен экономист мамандары «Шанхай» тұрғындарымен келісімшарт жасау үшін арнайы барады. Алдағы уақытта тұрғындар қоқыс шығару қызметінің ақысын уақытында төлейді деген үміттеміз. Жеке тұрғын үйлердің қоқыс мәселесін алдағы уақытта қарастырамыз», - деді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ербол Төлеуов.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары