Мемлекеттік компаниялар сайты мен доменін қазақшалауы тиіс – Асхат Садырбай
Қоғам белсендісі аталған ұсынысты Ұлттың кеңес отырысында айтты
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асхат Садырбай Қазақстандағы халықаралық, мемлекеттік, квазимемлекеттік компаниялардың ресми сйаттарын, домендері мен әлеуметтік желідегі парақшаларын қазақша жүргізуді талап ету керек екенін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан аталған мәселеге назар аударуын сұрады.
«Біз бүгін мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы бірқатар ұсыныс бергіміз келеді. Соның ішінде интернеттегі қазақ тілінің репрезентациясына аударсақ деймін. Кейбір мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік компаниялардың ресми сайындағы қазақша нұқасына басымдық бермейтінін, тіпті, әлеуметтік желідегі парақшаларында да қазақша жазуға келгенде құлық танытпайтынын көп байқаймыз. Тіпті, кейбір мемлекеттік органдардың домені қазақша жазылмаған. Еліміздегі ірі халықаралық компаниялардың сайтынан да, әлеуметтік желідегі парақшаларынан да мемлекеттік тілге жеткілікті көңіл бөлінбейтінін аңғаруға болады. Қазір бәріміз интернетке, әртүрлі ақпараттық сайттар мен гаджеттерге тәуелді екенімізді ескерсек, аталған мәселе көңіл бөлуге тұрарлық. Сондықтан интерттегі тіл мәселесіне көңіл бөлініп, мемлекеттік тілге қатысты талап қойылып, әлгі сайттар мемлекеттік тілге назар аударса, тілдің қолдану аясы әлдеқайда кеңейіп, ана тіліміздің дамуына үлкен әсерін берер еді», - деді Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі.
Сондай-ақ Асхат Садырбай мәдени-тарихи мұраларымызды зерттеуді қолға алып, бірыңғай мәдени каталог әзірлеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы Ұлттық кеңесте айтылған ұсыныстың назарға алынатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өтіп жатыр.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан