$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.10.2020, 00:35
Қоғам

Жамбыл облысында 55 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілмек

Биылғы 9 айда облыста 433 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген

Жамбыл облысында 55 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілмек
Фото: ашық дереккөзден

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралды.

Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек биылғы 9 айда облыста 433 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін және бұл өткен жылдың сәйкес деңгейінен 9,5 пайызға артық екенін мәлімдеді. Жалпы, өңірде тұрғын үй кезегінде 32 740 адам тұрған болса, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, көп балалы отбасылар, жетім балалар, бюджет қызметкерлері бар.

Пәтер кезегіндегілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен 24,9 миллиард теңге бөлініп, 65 көппәтерлі тұрғын үй салынуда (3766 пәтер), оның ішінде 48 үй (2820 пәтер) «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша. Жыл соңына дейін 55 көпқабатты үйдің (3181 пәтер) құрылысын аяқтау жоспарланып отырса, оның ішінде 38 үй (2235 пәтер) – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынуда.

«Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып қана қоймай, сонымен бірге банктермен ынтымақтастық орнату маңызды. Олардың өкілдері жергілікті әкімдіктерге қажетті ақпаратты уақытында бермейді дейді», – деп тоқталды облыс әкімі.

Аймақта 124 433 тұрғын жеке тұрғын үй салу үшін жер алуға кезекте тұр. Өткен жылы кезекте тұрғандарға 1189 жер телімі бөлінсе, биыл 4123 жер телімін бөлу жоспарланып отыр. Жер кезегінде тұрғандарға берілетін аумақтарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы «Нұрлы жер» және жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы бағдарламалары шеңберінде жүргізілуде.

«Аудандарда жер телімдерін беру мәселесі кешеуілдеп жатыр. Тұрғындардың дені  он жылдан бері кезекте тұруға мәжбүр. Сіздер жер кезегінде тұрғандарға берілетін аумаққа инженерлік инфрақұрылым жүргізесіздер. Бірақ тиісті азаматтарға жер телімдерін бермейсіздер. Әр аудандағы жағдайды талдау қажет», – деген облыс әкімі бұл мәселені тиімді шешуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары