«Qazaq Banki» мүлкіне талас: Коллекторлардың қитұрқылығы ма, әлде сот бұра тартты ма?
Алматы тұрғыны кепілде тұрған ғимаратты сатып аламын деп басы дауға қалғанын айтып отыр
Осыдан екі жыл бұрын банкротқа ұшыраған «Qazaq Banki» АҚ-нан қалған мүліктерге қатысты бірнеше сот процесі жүріп жатыр. Соның бірі – алматылық Алтынай Бейсембиева мен банк борышкері Нұргүл Жаукеева арасындағы дүние-мүлікке талас туралы іс. Алматыдағы аудандық сот пен қалалық соттың қарауынан өткен текетірес жоғарғы сотқа дейін жеткен.
Айта кету керек, 2018 жылы 27 тамызда «Qazaq Banki» Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен лицензиясынан айрылды. Қаржы институты 18 мың салымшы алдындағы берешегін қайтаруы тиіс болған. Одан тыс, мыңдаған адам банктен несие алып, борышкерлердің ісі коллекторлық компанияларға өтіп кеткен болатын.
Алтынай Бейсембиева 2019 жылы цессия арқылы (міндеттеменің талаптарын өзге адамға беру – авт.) «Qazaq Banki-нде» кепілдікте тұрған мүлікті өз иелігіне алуға шешім қабылдайды. Бірақ аумағы 670 шаршы метр болатын ғимаратты сатып алу «Финансы и право», «ОУСА QB» және «Казахинвестгруп» деп аталатын коллекторлық компаниялар арқылы жүзеге асады. Себебі үйдің бастапқы иесі Нұргүл Жаукееваның 2014 жылдан бері банк алдындағы берешегі қордаланып қалған. Мүлік ақырында қолдан қолға өтіп, «Казахинвестгруп» компаниясына беріледі. Бейсембиева тиісті қаражатты төлеп, сатып алу келісішартын рәсімдейді. Тіпті, мүлікті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы әділет органдарында тіркеткен.
Алайда, осыдан 6 жыл бұрын үйді кепілдікке қойып, қаржы төлеуді доғарған мүліктің бұрынғы иесі «Коллекторлық компаниялар банкте кепілдікте тұрған үйді заңсыз сатты» деп сотқа жүгінеді. Яғни, 2018 жылы 13 сәуірдегі №29-4/185 «Qazaq Banki» мен «ОУСА QB» арасындағы, «ОУСА QB» мен «Финансы и право», «Казахинвестгруп» араларындағы (№1/Ц-18/11 25 мамыр 2018 жылы) келісімшарттарды заңсыз деп тану туралы талап арыз береді.
Тиісінше, баспананы сатып алған Алтынай Бейсембиева мен «Казахинвестгруп» арасында жасалған цессия туралы №2019/07/03 03 шілде 2019 жылғы келісімшарт та жарамсыз деп танылуы тиіс.
Ақырында Алмалы аудандық №2 соты 2020 жылы 17 ақпанда жоғарыда жасалған келісімшарттардың барлығын жарамсыз деп танып, қаулы шығарады. Іс биыл 15 қыркүйекте апелляциялық тәртіппен Алматы қалалық сотында қаралғанымен, аудандық соттың шешімі өзгеріссіз қалған.
Алтынай Бейсембиева Алматыдағы Масаншы көшесі, 106 мекенжайында орналасқан ғимаратты заң талаптарына сай алдым деп санайды. Ол сот орындары азаматтық істе көптеген баптардың өрескел бұзылғанына шағымданады. Әйел заңгерлермен бірге отырып, Алмалы аудандық соты мен Алматы қалалық сотының талаптарды бұзғанын санамалап шыққан.
Бүгінгі таңда сот тәжірибесінде заң біреу болғанымен, Азаматтық кодекс талаптарына сай келмейтін түрлі шешімдер қабылданады. Мысалы, ҚР Азаматтық кодексінің 339-бабы негізінде кредиторға тиесілі мүлікті талап ету құқығымен басқа бір тұлғаға сатып алу келісімшартымен беруге тыйым жоқ. Сондай-ақ, өзге біреуге беру үшін кредит беруші борышкерді құлақтандыруға міндетті емес деген заң талаптары бар дейді Бейсембиева.
«Мен қайырымдылықпен айналысатын адаммын. Мен бұл ғимаратты коммерциялық мақсатта алған жоқпын. Сот цессияны жоққа шығарды, бірақ келісімшарттар ашық, адал жолмен жасалған болатын. Қаражатты коллекторлық компанияға аудардық. Заң жүзінде ол Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы әділет органдарында тіркеліп, менің атыма өтті. Соттардың мұндай шешімді не үшін қабылдағаны түсініксіз. Ал Нұргүл Жаукеева кредитті 2014 жылы алып, 2019 жылға дейін банкке бір тиын төлемеген. Оның қазір 13 адаммен азаматтық іс бойынша соттасып жатқаны белгілі болды. Біздің заңгерлер оның қылмыстық істерге де қатысы барын және көптеген адамға қарыз екенін анықтап отыр. Мен әділетсіздіктің құрбаны болып отырмын»,- дейді А. Бисембиева.
Суретте: Алтынай Бейсембиева
Оның пайымдауынша, бұл жерде банк екі жақтан да пайда көруді көздеп отыр. «Qazaq Banki» бойынша қазір ликвидациялық процесс жүріп жатқаны белгілі.
«Менің қаржымды қайтарған жоқ, сондай-ақ кепіл ұстаушы ретінде ғимаратты сатса, екі есе пайда табады. Ол жерде қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ликвидация жөніндегі комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Олар да осы жағына назар аударар», - дейді Алтынай Бейсембиева.
Тәуелсіз бағалаушылар баспана құнын 460 млн теңге деп көрсеткен. Қала орталығындағы үш қабатты нысанның жаңа иесі не қомақты қаражатты, не ғимаратты қайтара алмай отырғанын айтады. Ал баспананы қайтадан банкке қайтаруға атсалысқан Н. Жаукеева сотта кәмелетке толмаған балалардың анасы екенін және ол мұның жалғыз баспанасы екенін айтумен шектелген.
Кепілдікте тұрған үй
Жаукеева сотта кепілдікте тұрған ғимараттың коллекторлық компанияға берілгенін және оның ары қарай сатылуы туралы алдын ала білмегенін алдыға тартыпты. Сондықтан банк пен коллекторлық компаниялар арасындағы келісімге қатысты сотқа арыз түсіруге мәжбүр болды дейді белгілі заңгер Жангелді Сүлейманов.
«Заң талаптарына сүйенсек, мұнда жағдай күрделі емес. Бізде Азаматтық кодексте арнайы нормалар бойынша сатып алу шарттарын заңсыз деп тануға болады. Бұл істе не болғанына үңілетін болсақ, банк борышкерге кредит берген. Ал кредит алған адам өз міндеттемелерін орындамаған. Ол қарыз болып қала береді. Банк қарызды өндіру құқығын коллекторлық агенттікке береді. Осындағы әрекеттердің заңдылығына сот терең үңілуі керек еді. Цессия келісмшарты деген ұғым бар. Бұл қарапайым нәрсе. Банк борышкерге: Сіз маған емес, енді коллекторға қарызсыз деп айтуды ескермеген болуы керек. Ал кепілдікте тұрған үйді сатқанда, коллектор да ешкімді ескертпеген. Сол себепті сот мұнда банк пен коллекторлық компания арасындағы мүліктік талаптарды бір-біріне беру процесінің заңсыздығын анықтап отыр», - дейді Сүлейманов.
Ескерте кететін жайт, сот коллекторлық мекеме мен Алтынай Бейсембиева арасындағы сатып алу келісімшартын заңсыз деп таппаған. Бірақ қазір «Qazaq Banki» кепілұстаушы және сатылымнан түскен қаржының иесі атанып отыр. Бұл әділетсіз дейді адвокат. Заңгердің айтуынша, мұндай істер Қазақстанда мыңдап, тіпті он мыңдап саналады екен.
«Енді бұл істің қарапайым шешімі бар. Баспана қайтадан банкке қайтарылды. Ал коллектор үйдің соңғы иесіне қаражатты қайтаруы керек. Басқа мәселе көріп тұрған жоқпын. Енді бұл жерде банктің қитұрқылығын байқау қиын емес. Мұнда үйді де, ақшаны да олар иемденіп отыр. Біздің елде көптеген азамат банкте кепілдікте тұрған дүниені сатып алуға құмар. Ірі қаржылық ұйым болған соң, бәрі заңды, ол жерде сауатты заңгерлер отыр. Заңдық тұрғыдан мұнтаздай деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде, олай емес. Пенде болған соң, адамдар қателеседі, кейбіреулердің пиғылы алаяқтыққа жақын болады. Жалпы, әлемдік банктік құрылымдарда кепілдікте тұрған мүлікке жоламаған жөн деген қағида бар», - дейді Жангелді Сүлейманов.
Қазан айының басында Алматыда Bank RBK мен «Qazaq Banki» АҚ-нан қаржы ұрлады деген айыппен ондаған адам сотталды. Барлығы 700 томнан тұратын іс бойынша 36 банкирдің үстінен іс қозғалған еді. Қазір коммерциялық банктер толық ликвидациялық процесті аяқтаған жоқ.
Оқи отырыңыз: «Мен бәрінен айырылдым»: экс-банкир Жомарт Ертаев сотта соңғы сөзін айтты
Банкротқа ұшыраған банктен қалған мүлікті заңды жолмен алдым деген А. Бейсембиева жақында Жоғарғы сотқа шағымданған. Енді ол Нұр-Сұлтан қаласында өтетін сот процесінен үміттенеді. Ал Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі екінші тарапқа бұл іске қатысты өз позициясын білдіруге мүмкіндік беретінін ескертеді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы