Білім министрі құзырлы органдар үстінен Бауыржан Байбекке шағымданды

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы екі жыл ішінде түрлі бақылау органдары жазғы демалыс уақытында мектептерде 9500-ге жуық тексеру өткізген. Тексеру нәтижесі бойынша соның 2400-інде ғана тәртіп бұзушылық анықталған

Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясы жанындағы құқықтық кеңес жиналысында ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Сәкен Сәмет мәлімдеді.

«Бұл барлық тексерулердің 24 пайызы ғана нәтиже берді деген сөз. 8000 тексеру төтенше жағдай мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері тарапынан жүргізілген. Яғни, профилактикалық шаралар. Бірақ бұл тексерулерден бас тартуға заңды негіз (мектептердің - авт.) болған жоқ», - деді ол.

Бас прокуратура өкілі Сәкен Сәмет егер жазғы уақытта болған тексерулер себепсіз жүргізіліп, соған бола мұғалімдер мектепке шақырылып жатса, қадағалаушы орган осыған байланысты шара қабылдауға дайын екенін айтты.

Жиналысқа қатысып отырған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері мектеп директорларына 500 мың теңгеден айыппұл салу жағдайы жиі кездесетінін айтты.

«Олар келеді де, 20 балалық класта 40 бала отырғанын көріп, айыппұл салады. Негізі мұндай жағдайда директор әсер ете алмайды. Себебі сыныпқа 40 оқушыны ол өз қалауымен емес, орын жетіспегеннен алып отыр. Сондықтан әкімшілік кодекске өзгеріс енгізу керек», - деді министр.

Партия жанындағы құқықтық кеңес төрағасы, депутат Нұрлан Әбдіров Бас прокуратураға мұғалімдер мен мектептерге қатысты қажетсіз тексеру жүргізуді тоқтату туралы өтініш жіберетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, «Nur Otan» партиясы жанындағы құқықтық кеңес өткізген отырыс «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына негізделіп отыр. Қазір аталмыш заң жобасы Мәжіліс қарауында.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан