Оңдасын Оразалин: «Қала мен елді мекендердегі жолдардың сын көтермейтінін мойындаймын»
Ақтөбе облысының 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген әкім Оңдасын Оразалин аймақтағы проблемаларды да атады
Әкімнің айтуынша, жергілікті жолдарды жөндеуге бөлінетін қаражат 1,3 есеге өсіп, 43,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаражат облыстағы 500 шақырым жолды жөндеуге жетеді.
Алайда, Оңдасын Оразалин облыстағы қалалар мен елді мекендердегі көшелердің сапасы сын көтермейтінін, жолдардың 47 пайызының сапасы қанағаттандырмайтынын айтты. Сондай-ақ келесі жылы жол жөндеуге құны арзан түсетін технологияларды пайдаланып, сол арқылы бюджет қаражатын үнемдемек.
«Алдымен анықтап алайық. Жол мен көше. Бұл екеуі екі түрлі және екі бөлек статистика. Жолдардың ішінде республикалық баланстағы жолдар, жергілікті жердің жауапкершілігіндегі жолдар мен әкімдер бақылайтын қала ішіндегі ірі жолдар. Ал, көше – елді мекеннің ішіндегі жолдар. Көшелерге келсек, қала мен елді мекендер ішіндегі жолдың жағдайы сын көтермейтінін мойындаймын. Облыс орталығындағы сияқты, ауылды жерлерде де көшелердің сапасы төмен. Жүргузішілер де, жаяу адамдар да үнемі арызданады. Бірақ, жұмыс жүріп жатыр. Жағдай тым нашар деп те айтуға болмайды», - дейді ол.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан