Ақтөбе облысында жат діннің жетегінде кеткен 2500 адамның 600-ге жуығының беті бері қараған. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз мәжілісінде аймақ басшысы Оңдасын Оразалин мәлім етті
Әкімнің айтуынша, құқық қорғау органдары, облыс басшылығы, діни білім беру ұйымдары жұмыла жұмыс істеп, осы нәтижеге қол жеткізген.
«Облыс бойынша теріс дін ағымына бет бұрған (ресми тіркелген - авт) адамдардың саны 2500 еді, қазір 1987 адамға дейін азайды. Бұл бірлескен жұмыстың нәтижесі деп ойлаймын. Бір жағынан құқық қорғау органдары, екінші жағынан әкімдік, үшінші жағынан діни білім беретін орындар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, әйел адамдарды шақырдық. Осы жағдаймен күрескен елдердің тәжірибесін зерттедік. Мәселен, Өзбекстан және Ресей елдері», - деді Оңдасын Оразалин «Азаттық рухы» тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Әкім оларды (жат ағымның жетегінде жүргендер – авт.) «сырттан келген жау емес» екенін, сондықтан жатсынбай, ортамызға қосу керектігін айтты.
«Мынаны түсінуіміз керек, олар қанша теріс ағымға кетсе де, сырттан келген жау емес, өзіміздің азаматтар. Біз қалай да түсінуіміз керек, олардың құқықтары біздікімен бірдей, сондықтан ортамызға алып, әлеуметтендіру керек», - дейді Ақтөбе облысының әкімі.
Оңдасын Оразалин аймақта жүріп жатқан жаңа бір тәсілді де айтты. Яғни, аймақта кәсіпкерлер, теолог мамандар теріс дін ағымына түсіп кеткен ерлерді де, әйелдерді де жеке-жеке ертіп алып, өндірістерді аралатады, мамандық алып, жұмыс істеуді, табыс тауып, халықпен бірдей өмір сүруге болатынын көрсетеді.
«Бұл бағытттағы жұмыс осымен тоқтамайды, өйткені, проблема жоқ деп айта алмаймын», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары Сергей Швейкин Қазақстанда деструктивті діни ағымдардың жетегінде 20 мыңнан астам адам жүргенін айтқан еді. Оның айтуынша, жат ағымдағы азаматтардың басым бөлігі Атырау, Оңтүстік Қазақстан (Шымкент және Түркістан облысы - ред.), Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматыда қалаларында тұрады.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан