$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.11.2019, 11:54
Қоғам

Шымкенттегі 16 шағынауданда мектеп жоқ: әкімдік мәселені инвесторлар арқылы шешпекші

Қалада үш ауысымда оқитын мектеп саны оннан асады

Шымкенттегі 16 шағынауданда мектеп жоқ: әкімдік мәселені инвесторлар арқылы шешпекші

Республиканың «үшінші мегаполисінде» бала санының жылдан-жылға өсуі қалада мектеп тапшылығы мәселесін өзекті етіп отыр. Бүгінде Шымкенттегі 16 шағынауданда мектеп атаулы мүлдем жоқ. Ондағы балалар көрші шағынаудандарға барып оқиды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.

Инвесторлар құрылысқа салған 1,4 млрд теңгесін 2,3 млрд етіп қайтара алады

Жергілікті билік өкілдері проблеманы шешудің бірден-бір жолы – салаға инвесторларды тарту дейді. Әкімдік жеке кәсіпкерлердің көмегімен 2024 жылға дейін 49 мектеп салуды жоспарлап отыр. Жоспар жүзеге асса тапшылық толық жойылады екен.

«Бір оқушыға жылына шамамен 578 мың теңге жұмсалады. Инвестор мектеп салған жағдайда жергілікті билік осы қаражаттың тең жартысын – 242 400 теңгені кәсіпкерге беріп отырады. Мәселен, егер инвестор 1200 орындық мектеп салып, оған шамамен 1,2 – 1,4 млрд теңге қаражат жұмсаса, мемлекет оған 1200 бала үшін жыл сайын 291 миллион теңгеден беріп отырады. Сонда 8 жылда кәсіпкер мемлекеттен 2 млрд 332 млн теңге өндіріп алады және мектеп сол инвестордың меншігінде қалады», - дейді Шымкент әкімінің орынбасары Ербол Садыр.

Енді мектеп ғимаратын 4 қабатты етіп салуға болады

Мектеп саламын деген инвесторға қала билігі «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жер бөліп, инфрақұрылымын жүргізіп беруге де дайын. Тіпті, қажет болса, қаржылай қолдау көрсете аламыз дейді әкімнің орынбасары.

Оның айтуынша, биыл осынау ұсынысқа қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлер саны артқан. Нәтижесінде, келер жылдың өзінде инвесторлар есебінен 15 мектеп салынып, олардың бәрі 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда 10 мектептің жері дайын. Кәсіпкерлер құрылыс жүргізуге кірісіп кеткен. Жергілікті билік олардың жер мәселесін шешіп қана қоймай, құрылысты жүргізуде кездесетін қиындықтардың барлығына жуығын оңтайландырғанын айтып отыр.

«Қазір мектеп салудағы құрылыс нормалары мен ережелеріне өзгерістер енгізілген. Яғни, құрылысшыларға барынша жеңілдіктер қарастырылды. Мәселен, халық саны 500 мыңнан асатын қалалардағы мектеп аумағын 40 пайызға дейін қысқартуға болады. Яғни, құрылысқа кететін шығын да тиісінше кемиді. Сондай-ақ, бұрынғы талап бойынша, мектеп аумағында балалардың демалатын орны болуы керек еді. Қазір оны да өзгерттік. Егер мектепке жақын маңда саябақ, аллеялар болса, онда арнайы демалыс орнын салудың қажеті жоқ. Бұдан өзге, бұрынғы норма бойынша мектептер 3 қабаттан аспауы керек-тін. Қазір тағы 1 қабат қосуға рұқсат берілді, яғни 4 қабатты ғимарат тұрғызуға болады. Бұл мектепттің жер көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұрын 1200 орынға ғана рұқсат берілсе, қазір 3 мың орындық мектеп салуға болады. Қазір 1200 орындық мектептерде 3-4 мың баладан оқып жатқан фактілер бар», - дейді қала әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, бұған дейін мектеп құрылысын жүргізгенде балалар тамағын сақтау блогына көп шығын жұмсалып отырған. Енді ол да оңтайландырылды.

«Шынын айту керек, біздегі тамақ сақтау блогы үлкен мейрамханаларға арналған сияқты. Ішінде көптеген құрылғысы бар, бірнеше алаңы бар. Балық етін бөлетін және сақтайтын бөлек орын болу керек. Одан кейін сүт өнімдері бөлек, ет бөлек, құрғақ тағамдар бөлек сақталуы тиіс деген талаптар өте көп еді. Оның барлығы инвестор үшін қосымша шығын. Ал, қазір инвестор дәмханалармен, мейрамханалармен келісімшарт жасасып, тамақты сол жақтан таси алады. Қалғанын шағын буфет пен асхана ұйымдастырып істеуге болады. Ол инвестор үшін шығынды азайтады», - деді Ербол Әбілхайырұлы.

Жекеменшік мектептер білім саласындағы бәсекелестікті күшейтеді

Инвесторлар мектептің құрылысын бітіргеннен кейін оларды «Білім-инновация» лицейлері, Назарбаев зияткерлік мектептері секілді алдыңғы қатарлы білім ошақтарының басқаруына беруге ниетті. Өйткені, білім сапасы – бірінші орында. Қала басшыларының пікірінше, жекеменшік мектептер саны артқан сайын білім саласында бәсекелестік күшейіп, ең алдымен сапа артады. Яғни, инвесторлар есебінен мектеп тапшылығы жойылып қана қоймай, балалардың білім деңгейін көтеруге мүмкіндік зор.

Жуырда Шымкентке келген ҚР вице-премьері Бердібек Сапарбаев бұл бастамалардан хабардар болып, қолдау білдірген. Тіпті, бұл жобаны бүкіл республикаға енгізу үшін ұсыныс беретінін айтқан еді.

«Біздегі үлкен мәселенің бірі – үш ауысымды мектептер құрылысы. Үш ауысымды мектептерге қосымша құрылыс салу инвестор үшін қызық емес. Өйткені, ондай ғимараттарға жоғарыда аталған ірі қаражат қарастырылмаған. Ол жерде бір балаға жылына 235 мың теңгеден – тек күтіп-ұстау шығындарына ғана қаржы қарастырылған. Сондықтан біз қазір мектептердің көлемін ұлғайтуда бюджет тарапынан қосымша құрылыстар салу үшін қосымша тағы бір бағдарлама жасап жатырмыз. Бұл мәселені тек солай ғана шешеміз», - дейді Ербол Садыр.

Арай Есенбек, Шымкент

Серіктес жаңалықтары