Елімізде 63 жастан асқандар саны барлық халық үлесінің 7,7%-на жетті
Қазақстанда зейнет жасы өзгере ме? Бұл сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Зейнет жасын төмендету жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын зейнеткерлеріміздің саны жұмыс істеп жүргендерге қатысты 20%, яғни, 5 адам 1 зейнеткерге десек, қазір ол көрсеткіш 30%-дан асып жатыр. Екіншіден, халықтың қартаю динамикасы дейміз. Бізде 63 жастан асқан аға буын үлкендердің саны да көбейіп жатыр. Егер 5 жыл бұрын 6,8 % болса, биыл 7,7 %-ға жетті»,- деді министр.
Айта кетерлігі, еліміздегі зейнет жасын белгілеу ішкі экономикалық және демографиялық жағдаймен тікелей байланысты. Министрдің айтуынша, әлемдік трендке де баса мән беру шарт.
«Мәселен, АҚШ-та 63 жастан асқан қариялар үлесі 18%, Еуропада – 20%, РФ-да – 15,5%. Сондықтан осы әлемдегі трендтерді ескере келе, бүкіл дүниежүзіндегі елдер қайта зейнетақы жасын ұлғайтуға, көбейтуге барып жатыр. Өзіміздің көршілес елдерді қарасақ, мысалы, Ресейде 2019 жылдан бастап ерлер мен әйелдерге зейнет жасын 5 жасқа үлкейту шаралары қолдана бастады. Әзірбайжанда 2017 жылдан бастап осы шара қолданып жатыр. 63 жастан 65 жасқа дейін көбейту, Грузияда 65, әйелдердікі 60 жас, Латвияда да 62-ден 65 жасқа көбейту қазір жүріп жатыр. Беларусьте де 2017 жылы шешім қабылдап, кезең-кезеңімен ерлерге 63 жас, әйелдерге 58 жасқа дейін көтеру қаралған. Сондықтан әлемдік жағдайды ескере отырып, өзіміздің экономикалық, демографиялық жағдайды ескеріп, бүгінгі таңға Үкіметтің тарапынан зейнетақы жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ»,- деді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары елде қайтыс болып жатқандардың басым бөлігі 60 жастан асқандар деген мәліметтерді көрсетіп, зейнетақы жасын төмендетуді сұраған.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан