Қызылордалық шенділер мен полицейлер күріш еккен шаруаларды қып-қызыл шығынға батыруы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Тәртіп сақшылары диқандарды егістік басына жібермей отыр

Фотолардың авторы Марат Қалдыбаев

Қызылорда облысында мыңдаған тонна күріш ысырап болуы мүмкін. Сырдария ауданындағы шаруалардың өнімді уақытылы жинауына әкімдіктің өзі кедергі келтіріп отырған көрінеді. Бұл туралы редакцияға арызданған диқандар айтты. Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы шаруашылықтың басындағы дау туралы Azattyq Rýhy бұған дейін жазған болатын. Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Мадияр Алдоңғаров жерімізді тартып алды деген шаруалар енді аудан әкімінен де, өңір басшысынан күдер үздік дегенді айтып отыр.

ЕГІСТІКТІ ПОЛИЦИЯ КҮЗЕТІП ТҰР

Күрішке комбайн салмақ болған «Азамат» шаруа қожалығы жұмысшыларының кезекті талпынысы тағы да сәтсіз аяқталды. Алқапты үш аптадан бері күзетіп жатқан аудандық полиция қызметкерлері бұл жолы да диқандарды күштеп тоқтатты. Бетперде киген арнайы күзет комбайн жүргізушілерін тырп еткізген жоқ.

«Менің комбайнымды полиция тоқтатты. Не үшін десем, айтпайды, қолдарында құжат жоқ. Заңсыз тоқтатып тұр, көліктен түсіп бізбен сөйлеспейді. Күрішімнің жартысын орып тастағанмын, енді соны жинатпай жатқанына 20 күн болды. Күріштің басы үгітіліп, шашылып жатыр. Барлық жағынан шығынға ұшырап жатырмын. Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев жұмыс істеме дейді. Облысқа да шағымданып бардым. Олардың жауабын 16 қыркүйектен бері күтіп келемін, шешілетін түрі жоқ. Жердің иесі Алдоңғаров емес, серіктестіктегі үлескерлер.  Мен жерді алып кетпеймін, келісім бойынша еккен күрішімді жинаймын, болды. Бұлар соған да бөгет жасап отыр», - деді «Азамат» шаруа қожалығының иесі Азамат Сқақов.


Суретте: Азамат Сқақов

Диқандарға кедергі келтірген полицейлерден бұл әрекетін түсіндіруін сұрадық. Алайда, әрбірінің жауабы әртүрлі болды. Бірі аудан басшыларынан тапсырма түсті десе, өзгесі қауіпсіздік акциясы өтіп жатыр дейді. Алайда, «Қауіпсіз жол» рейдтік шарасының егістік алқабына қандай қатысы барын олар түсіндіріп бере алған жоқ.

 

Көктемде кәсіпкер Азамат Сқақов «А.Тоқмағамбетов» ЖШС-інен 105 гектар жерді жалға алып, күріш еккен. Жалға алу ақысын күзде 80 тонна күріш арқылы өтеуі тиіс болған. Алайда, ауылға «инвестор» ретінде келген Мадияр Алдоңғаров серіктестіктің төрағасы Меңдіғали Есжановты қызметінен алып тастайды да, жоғарыдағы келісімшартты «заңсыз» деп тауып, полицияға шағымданады. Экс-шенеуніктің талабын тыңдаған полиция ауыл халқының күріш жинауына тыйым салған. Күнкөрісі тікелей күрішпен байланысты шаруалар қазір көшеде еркін жүрудің өзі қиындағанын айтады.

«Мадияр Алдоңғаров ауылға инвестиция құямын деп бүкіл елді дүрліктіріп жатыр. Дизельді қарызға алдық, құрал-сайманды, тұқымды қарызға алдық. Ол қарыздың бәрі менің мойнымда. Инвестор ретінде салған ақшасының орнына келісімшартта көрсетілгендей күрішін алсын, қалған өнімге тиспесін. 5 жылдан бері жиналған қарызымыз бар. Артылған күрішті соларға беруіміз керек. Жалпы, 900 гектар жерге күріш егіп отырмыз. Үлескер, құрылтайшылар бар, бұл күріш сол 850 адамға ортақ. Көктемде инвестор 2 мың тоннадай тұқым алып берген. Жетпей қалғанын біз қарызға алдық. Өзге ауылдардың инвесторлары салған ақшасының орнына күріш алады. Ал бұл адам (М. Алдоңғаров – ред.) «Барлық күрішті аламын, басымды қатырмаңдар, бір түйір дән бермеймін» дейді. Бұлай болмайды. Ақша салды ма, соған келісіне 70 теңгеден 2 мың тонна қара күрішін алуы керек. Болды. Мен серіктестіктің атынан «Азамат» шаруа қожалығымен келісім жасасып, 105 гектар жерді жалға бердім. Сқақовтың оған күріш еккені рас, ел біледі. Бірақ бәрін өзім ғана алуым керек дейтін Алдоңғаров үшін бұл құжат заңсыз болып тұр», - деді «А.Тоқмағамбетов» ЖШС бұрынғы төрағасы Меңдіғали Есжанов.

ӘКІМ ХАЛЫҚТЫҢ ЕМЕС, ЭКС-ШЕНЕУНІКТІҢ ЖАҒЫНДА

Кәсіпкер Азамат Сқақовтың айтуынша, аудан әкімдігі мыңдаған халықтың сөзін емес, экс-шенеунік Алдоңғаровтың «сойылын соғып отырған» көрінеді.

«Жаз бойы маған ешкім келмеді. Енді әбден күріш піскен кезде Алдоңғаров күрішімді орғызбай, өзім жинап аламын дейді. Әкімдік соның жағында, менің арызымды тыңдап жатқан ешкім жоқ. Биыл өнім жақсы шықты, гектарынан 50 центнерге дейін күріш аламыз деп қуанып едік. Шамамен, осы 105 гектардан 600 тонна күріш жинауым керек деп жоспарлағанмын. 30 миллион теңгедей  ақша шығардық, үстінен бірге бір пайда түсуі керек. Ал Алдоңғаров маған жұмсаған шығыныңды берейін, кет дейді. Бұлай болмайды. Әкімдік те, полиция да қызметтерін асыра пайдаланып отыр. Екі шаруаның арасындағы жеке мәселе дейді де, ораққа менің комбайнымды жібермейді, ал Алдоңғаровтың жерінде орақ науқаны жүріп жатыр. Алматыдан әкелген күзетшілерімен төбелесіп те үлгердік. Олар да арыз берді, мен де арыздандым. Бұйте берсе, адам шығыны болады. Прокуратура маған сенікі заңсыз дейді. Онда заңсыз деп құжат беріңдер, мен орақты тоқтатайын десем, оған жауап жоқ», - дейді ашулы кәсіпкер.

АУЫЛ ЖІГІТТЕРІ МЕН ЖАЛДАМАЛЫ КҮЗЕТШІЛЕРДІҢ ЕРЕГІСІ КҮН ӨТКЕН САЙЫН КҮШЕЙІП БАРАДЫ 

60 жастан асқан экс-шенеунік жергілікті халықтан сескенгендіктен қаладан арнайы күзет агенттігін жалдаған көрінеді. Ал онымен дауласып жүрген 30 жастағы кәсіпкердің жанына ауыл жастары мен ақсақалдары топтасқан. Заңды сыйлағаннан әзер шыдап жүрміз дейді олар. Десе де, жергілікті халық пен күзетшілер қырман басында төбелесіп те үлгеріпті. Тұрғындардың айтуынша, полиция ол жағдайда да сырттан келген «жасақты» жәбірленуші деп таныған.

«Күріш піскен кезде мына Алдоңғаров келіп «бәрі менікі» дейді. Ол осыдан 16 жыл бұрын біздің ауылдың жерін иемденген. Бірақ не бір техника, не комбайн алмаған. Ауылдың бар мүлкінің быт-шытын шығарды. Күріш сатудан түскен пайданың қызығын тек өзі көріп келеді. Не жол жөндеуге көмектеспеді. Ауылдың тоз-тозы шықты. Ол облысты басқарып тұрған кезде (М. Алдоғаров 2008-2012 жылдар аралығында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болған – ред.) пойыз жолдың үстінен өтетін көпірді салу кезінде ақшасын жеп қойып, үстінен іс қозғалған. Енді шу басылған соң қайтадан басын көтеріп, халыққа жауыздығын істеп жатыр. Күнде төбелес, қырғын, әбден басынып болды. Халықтың қамын басшылар неге ойламайды? Полициямен қоршап қойды. Облыстағы басшылардың бәрі сол Алдоңғаровтың сөзін сөйлейді. Тыныш жатқан, ешкімге зиянымыз жоқ ел едік. Қазақстанда заң бар ма? Бар болса,  бізді мына бәледен құтқарсын. Аққұм деген ауылды да зар жылатқан, әрең құтылды ол жақтың адамдары», - дейді зейнеткер Нұрлыбек Баймен.

А.Тоқмағамбетов ауылын 14 жылдан бері басқарып келе жатқан әкім Ғабдолла Алданазаров полицияны төбелес болмасын деп шақыртқанын айтады. Ол «Егістікке комбайн кірмесін деп бұйырған мен емес» деп ант-су ішті.

«Түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Мәселе шешімін таппай жатыр. Екі кәсіпкердің арасында дау болғандықтан, біз араласа алмаймыз. Бірақ тұрғындар төбелесіп қалмасын деп осында келдік, полицияны сол үшін шақырттық. Комбайнды жібермеу туралы мен тапсырма берген жоқпын, полицияның өзінен сұрау керек. Кеше облыстық прокурордың орынбасары, ҰҚК өкілдері келді, бірақ проблема әлі шешілген жоқ», - деді А.Тоқмағамбетов ауылдық окургінің әкімі Ғабдолла Алданазаров.


Суретте: Ғабдолла Алданазаров

ЭКС-ШЕНЕУНІККЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАНДАРДЫҢ ҮСТІНЕН ІС ҚОЗҒАЛҒАН

Жиналмай қалған күріштің ысырап болатынын аудан әкімдігі де растап отыр. «Екеуара дауға сот нүкте қойғанша өзіміз комбайн жіберіп, күрішті орып алайық деген ұсыныс айттым» дейді Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев. Алайда, екі тарап та бұған келіспепті.

«Бұл дау биыл көктемде басталған. Азамат Сқақов қожалықтың 105 гектар жеріне күріш сепкен. Сол кездегі қожалықтың төрағасы Меңдіғали Есжанов жерді Сқақовқа жалға беріп, келісімге отырады. Азаматтың егін еккені рас, оған дау жоқ. Бірақ мамыр, маусым айында төрағаны жердің 90 пайызына иелік ететін Бисенбайдың заңды өкілі Мадияр Алдоңғаров жұмыстан шығарады. Алдоңғаров инвестиция ретінде 150 млн теңге құйдым деп отыр, бірақ қағазын көрмеген соң оны нақты айта алмаймын. Азамат Сқақов өсірген күрішін жинаймын дейді, ал оған Алдоңғаров қарсы. Екі тараптың адамдары төбелесіп үлгерді. Екі тарап та полицияға арыз түсірді. Даулы жерге өзім де бардым, екеуара проблема шешілмейінше егістікке комбайн кірмесін дедік. Бұлардың дауын шешу әкімдіктің құзырына кірмейді. Бірақ біз дау шешілгенше күрішті жинап алып, басқа қамбаға сақтай тұрайық, қай жеңгенің аласың деп ұсындық. Оған екі тарап та көнбеді. Шаруашылықтың есепшісі біздің иелікке заңсыз кіріп отыр деп арызданғаннан кейін полиция ол жерді күзетке алғаны рас. Ешкімді кіргізбейді. Ал, күріштің орылғанына 10-15 күн болды, жиналған жоқ. Алдоңғаровтың өзі астанаға арыздануға кетті, ертең келген соң келіссөзге қайта отырамыз», - деді Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев. 


Суретте: Талғат Дүйсебаев

«А.Тұрмағамбетов» ЖШС-нің қазіргі басшылары бұрынғы директор Меңдіғали Есжановтың үстінен арыз жазғандықтан, ҚР ҚК 250-бабының 1-тармағы бойынша іс қозғалған. Күрішін ала алмай жүрген Азамат Сқақовтың да үстінен екі бап бойынша полиция тергеу бастап кеткен. Алайда, ауылдың адамдары инвесторды қуып, жерімізді де, күрішімізді де қайтарамыз деп, алған беттерінен қайтар емес.

Әмірболат Құсайынұлы, Қызылорда облысы