Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 7 жылға дейінгі мерзімге 6 пайызбен несие берілмек

Автор: Azattyq Rýhy

Оны  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жүзеге асырмақ

Фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 7 жылға дейінгі мерзімге 6 пайызбен несие беріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.

«Кооперацияны дамытуды ынталандыру үшін бүгінде жоғары нормативтер негізінде инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады. Мал шаруашылығын субсидиялау ережелері шеңберінде дайындалған ауыл шаруашылығы шикізатының құнын арзандату көзделген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін барлық салықтар бойынша 70% жеңілдікті көздейтін арнайы салық режимі жұмыс істейді», - деді министр Сапархан Омаров.

Статистика бойынша 1 шілдеде елде 2 906 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Олар 52 мыңға жуық азаматты, оның ішінде 27 мың жеке шаруашылықты біріктіреді.

Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кооперативтерге несие 7 жылға дейінгі мерзімге 6% мөлшерлемемен берілетін болады. Оны  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жүзеге асырмақ.