Жамбыл облысында 30 жылдан бері ағын сусыз отырған ауылдарға су берілетін болды
Облыстың егінді алқаптарына келетін суармалы судың 82%-ы трансшекаралық өзендерден келеді
Жамбыл облысының Байзақ ауданында 30 жылдан бері суармалы сусыз отырған Абай және Бірлік ауылдары келесі жылдан бастап сумен қамтылатын болды. Бұл туралы «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев мәлімдеді. Қазір Байзақ ауданында ұзындығы 21 шықырым 800 метрлік темір-бетонды Өтеміс каналының арнасы салынып жатыр.
Қ.Бедебаевтың сөзінше, биылғы вегетациялық кезең сәуір айында басталған. Облыстың егінді алқабтарына келетін суармалы судың 82%-ы трансшекаралық өзендерден келеді. Алайда, биыл су тапшылығы біраз қиындықтар тудырған.
«Бұл тек Жамбыл облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанда, Орта Азия елдерінде болып жатқан жайт. Көрші елдерде де су аз. Дегенмен «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының қызметкерлері күндіз-түні кезекшілік жасап, ауылдарға кезекпен су беру арқылы су айналымын жасап, шаруаларға қажетті суын берді. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегі бойынша барлық шаруалар егіндерін жинап алды. Қурап қалған егін жоқ», - деді Қ.Бедебаев.
Жалпы Жамбыл облысында 229,7 мың гектар суармалы жер бар. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы соның 169,6 мың гектарына қызмет көрсетеді.
Шу-Талас бассейндік инспекциясы 2020 жылы 3 637,639 млн шаршы метр су тұтынуға рұқсат берген. Оның ішінде 2054,913 млн м3 суаруға және 1582,726 техникалық қажеттіліктерге қарастырылған.
Негізінен, су трансшекаралық Шу, Талас және Аса өзендерінен алынады. Соның ішінде 80%-ын көрші Қырғыз Республикасы береді. Сонымен қатар, Ақсай, Көксай, Қақпатас, Қараконыз, Меркі, Аспара секілді ішкі кіші өзендер арқылы суарады.
2020 жылы «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы 2 475 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен су жеткізу бойынша шарт жасасқан. Соған сәйкес, 118,8 мың гектар суармалы жерге 1 025,0 млн м3 сумен қамтуы тиіс болатын. Алайда, сәуір мен қыркүйек аралығында, яғни вегетациялық кезеңде 79,66 мың га алаңға 550 млн м3 көлемінде ғана су берілді.
Оның ішінде келесі ауыл шаруашылығы дақылдарына:
- дәнді дақылдар 18,331 мың га алаңға 39,557 млн м3 су;
- жүгері 12,099 мың га алаңға 58,164 млн м3 су;
- қант қызылшасы 2,888 мың га алаңға 24,909 млн м3 су;
- картоп 0,793 мың га алаңға 3,464 млн м3 су;
- көкөністер 9,721 мың га алаңға 108,271 млн м3 су;
- бақша дақылдары 2,989 мың га алаңға 15,964 млн м3 су;
- жоңышқа 29,596 мың га алаңға 274,243 млн м3 су;
- күнбағыс 1,540 мың га алаңға 11,115 млн м3 су;
- бақшалар 1,709 мың га алаңға 14,609 млн м3 су:
«Қазгидромет» РМК биыл су аз болады деп пайымдаған еді. Яғни, судың мөлшері жылдағыдан 15-40% төмен деп болжам жасаған болатын.
Мәселені шешу үшін филиал вегетациялық кезең басталғанға дейін облыстық және аудандық әкімдіктерге, сондай-ақ ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне суармалы суды ұтымды пайдалану мен ылғал сүйетін дақылдарды аз егу және ылғал үнемдейтін технологияларды қолдану керектігін ескерткен. Бұдан бөлек, дақылдарды егу кезінде өндірістік алаңдарымен келісу туралы ұсыныс айтқан.
Суармалы су тапшылығының қазіргі жағдайын ескере келе, облыс және аудан әкімдіктерінің өкілдерімен бірге, Қордай, Меркі, Жамбыл, Байзақ, Талас және Жуалы аудандарындағы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Су айналымы, түнгі және суарудың басқа түрлері бойынша кестелер жасалды. Бұл суды мейлінші тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.