Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің саны 182-ге жетті
Бүгінге дейін марқұмдардың жақындарына өтемақы төлеу бойынша 58 өтініш мақұлданған

Пандемия басталғалы Қазақстанда коронавирустан 182 медицина қызметкері қайтыс болған. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
«Пандемия басталғалы Қазақстан бойынша коронавирустан 182 медицина қызметкері қайтыс болды. Өңірлік комиссия өкілдері бүгінге дейін індеттен қайтыс болғандардың туыстарына өтемақы төлеу бойынша 58 өтінішті мақұлдаған. Әзірге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан көз жұмған 36 медицина дәрігерінің жақындарына 10 млн теңгеден өтемақы төленді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», - деді министр.
Министрдің мәліметше, 30 қыркүйектегі жағдай бойынша COVID-19 және пневмониямен ауырған 12 830 медицина қызметкері тіркелген, оның ішінде 8 339 жағдай кәсіби қызметін атқару барысында болған. Өңірлік комиссиялар 8 320 істі қарады және мұндай жағдайлардың 67%-ын растады.
Бүгінгі таңда медициналық қызметкерлердің 88%-ы немесе аймақтық комиссия деңгейінде расталған жағдайлардың 3 454-і COVID-19 бойынша өтемақы алған.
Айта кетейік, коронавирус инфекциясын жұқтырған немесе вирустық пневмониямен ауырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге өтемақы, ал коронавирус инфекциясын жұқтырып немесе вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған дәрігерлердің отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы төленеді.